Павлодарда «Менің жетістігім - елімнің жетістігі» атты облыстық байқаудың қорытындысы жарияланды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырыған облыстық жарыс үш бағытта жүзеге асырылды. Әр бағыт бойынша 10 талантты қыз-жігіт және жалпы саны 30 студент марапатқа ие болды.
Сондай-ақ, өз саласының 13 жас маманы да ескерусіз қалмады. Марапаттау рәсімінде сөз алған Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев жастарды құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
«Қоғамның қозғаушы күші - жастар. Бүгінгі таңда 16 мың студент өңіріміздің төрт жоғары оқу орнында білім алуда. 800-ге жуық жас отбасы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының қатысушысы атанды. 700-ге жуық жас азамат «Жастар тәжірибесі» аясында, 290 маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасты. Биылғы жылы «Жасыл ел» жасақтарының жұмысына 1700 жас қатысты», - деді Қ. Бозымбаев. Сайыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болды.