Шаһардың бес жылдық даму жоспарындағы басты тапсырмалар мен мегаполистің тыныс-тіршілігіндегі барлық мәселелерді қамтитын құжатта тұрғын үй-коммуналдық мәселелері, білім мен мәдениет, денсаулық сақтау және қауіпсіздік, қала құрылысы мен сәулеті, кәсіпкерлік сынды бірқатар салалар да қарастырылған.
Тұжырымдамада қаладағы инфрақұрылымды дамытуға басты назар аударылған. Мәселен, Шымкентке кейіннен қосылған аудандарда бес су тазарту құрылысы салынып, қаладағы «Бадам» мен «Қошқар Ата» су тоғандарына ағатын кәріз сулары тоқтатылатын болады. Мұнан бөлек, автомобиль жолдарындағы көлік кептелістерін азайту үшін бес жол айрығын салу ұсынылып отыр.
Маңызды мәселелердің қатарына қала халқын таза ауыз сумен қамту, кәріз жүйелерін реттеу, газ, жылу және электрмен жабдықтау кіреді. «Ақылды қала» жобасы бойынша дамитын Шымкент шаһарында шағын және орта кәсіп дамып, қалаға инвесторлар мен туристерді тарту бойынша жұмыстар жүргізілмек.
Қала басшылығының жоспарында жаңа заманауи іскерлік және тұрғын үй «Shymkent City» ауданын құру да бар. Тұжырымдамада жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін қаладағы автобус паркін жаңарту мәселесі де қаралған.
Таныстырылған тұжырымдамаға облыс әкімі жоғары баға беріп, кейбір мәселелерге толықтырулар енгізу керегін жеткізді.