Павлодар облысының барлық білім беру ұйымдарында биыл алғашқы рет бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өткен қоғамдық тыңдауларда ата-аналарға ұстаздармен бірге кешкі уақытта рейдке шығуға кеңес берілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.Облыстық Білім беру басқармасы тәрбие және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Самал Қадырованың айтуынша, осы жылы 7-10 қараша аралығында аймақтың білім беру мекемелерінде ұйымдастырылатын ашық баяндамалармен 70 пайыздан астам ата-ана қамтылған.
«Аталмыш жиындарда ата-аналар қауымына педагогтармен онлайн режимінде тығыз байланыста болып, өздерін толғандырған сауалдарды Білім беру басқармасының сайтына жазып қалдыруға ұсыныс жасалды. Айта кетерлігі, мұндай қоғамдық тыңдаулар ҚР Білім және ғылым министрлігінің тұжырымдамасы негізінде елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр», - дейді Самал Қадырова.
Бөлім басшысының айтуынша, былтырғы жылға қарағанда аймақта кәмелеттік жасқа толмағандар арасында жасалатын құқық бұзушылық көрсеткіші 22,7 пайызға төмендеген. Павлодар облысындағы оқушылардың саны - 92705. Оның ішінде 35119 оқушы Павлодар қаласында білім алады.