Бүгін – Үрия Тұрдықұлованың туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Үрия Тұрдықұлованың туған күні

04.11.2015
Бүгін – Үрия Тұрдықұлованың туған күні

Қазақ кәсіби сахна өнерінің ұлттық опера театрының негізін қалаушылардың бірі - Үрия Тұрдықұлова. Әнші алғашқыда драма театрында, кейін опера сахнасында сан қырынан танылды. 

Театр репертуарында «Айман-Шолпанда» - Теңге, «Қыз Жібекте» - Аналық, Дүрия, «Жалбырда» - Қамқа, «Ер Тарғында» - Ақжүніс, «Евгений Онегинде»- бала күтуші, «Чио-Чио Санда» - Сузуки, «Карменде» - Кармен сынды түрлі бейнелерді сомдады.

«Бұл кісі «Қыз Жібекте» екі рөлде ойнайды. Бірі – Аналық, екіншісі – Дүрия.  Дүрия жеңгесі болғандықтан, көңілді жүрсе, Аналықтың рөлінде өзінің қою, мето-сопрано дауысымен ананың қоштасуын айтады. Сол кезде көрермендердің сай-сүйегін сырқыратып, керемет сезімге бөлейтін»,-дейді өнертану ғылымдарының кандидаты Амангелді Мұқан.

Үрия Тұрдықұлова – Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған қыз Ташкент қаласында «Киргиз инпрост» деп аталған оқу орнының дайындық курсына қабылданады.

Өнерге ынталы бойжеткен осы жерде Құрманбек Жандарбеков ұйымдастырған хорға алынады. Кейін Ғани Мұратбаевтың қамқорлығымен Ташкент қаласындағы Халық ағарту институты дайындық курсына тыңдаушы болып қабылданады.

1926-1930 жылдар аралығында Мәскеудегі Сталин атындағы Шығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінде білім алған Үрия Тұрдықұлованың дауысына, диапазонына таң қалған ұстаздары оны Мәскеу консерваториясының әншілер даярлайтын факультетіне жіберген.

Үрия Тұрдықұлова қазақ кәсіби әншілік мектебінде және музыкалық театр тарихында Мәскеу консерваториясынан білім алған тұңғыш қазақ қызы.

Толығырақ «Таңшолпанда».

Хабарламаларға жазылу