Бүгін «Таңшолпан» бағдарламасында «Сақ» киностудиясының бас продюсері Бақытжан Құлжабаев қонақта болып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ елі» анимациялық фильмі туралы әңгімеледі.
«Бұл - толықметрлі тарихи анимациялық фильм. Яғни, Қазақстан анимациясы тарихындағы алғашқы 60 минуттан асатын туынды. «Қазақ елі» мультфильмін жасауға жылдың басында кірістік. Алдағы уақытта туындының жалғасын түсіру жоспарда бар», - дейді продюсер.
Сондай-ақ, ол мұндай фильмдер кемінде 2 жыл түсірілетінін айтады.
«Мультфильм сценарийін Сағи Үсіпәлі, режиссеріміз Батырхан Дәуренбековпен ақылдаса отырып жаздық. Ал, кеңесшілеріміз – тарих ғылымдарының докторлары Жамбыл Артықбай, Мақсат Алпысбес. Әдеби кеңесшіміз – Дулат Исабеков», - дейді Бақытжан Құлжабаев.
Киностудия анимациялық фильмді Тәуелсіздік күні тарту етпек.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.