Кездесу кезінде өңір басшысы техникалық және кәсіптік білім саласы бойынша 92 колледждің, онда 97 мамандық бойынша 75 мыңнан астам студент білім алып отырғандығын айтты.
Екі ел арасында тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған кездесуде Малайзиялық делегаттар Оңтүстік Қазақстанда әлемдік деңгейдегі техникалық колледж салуға ниетті екендіктерін айтты.
Аталған оқу орны негізінен техникалық, мұнайгаз, тамақ өндірісі мамандықтары бойынша білім беретін болады. Кездесуде малайзиялық меймандар тәжірибе алмасу үшін оңтүстікқазақстандық әріптестерін өз елдеріне шақырды.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл құрылыс, техникалық, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салалары бойынша 24 колледжде дуальді оқыту жүйесі іске асырылып жатыр. Ал, кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру мақсатында туризм, тігін, тоқыма, тамақ өндірісі мен транспорт, ауыл шаруашылығы, құрылыс, техникалық және энергетика салалары бойынша базалық колледждер құрылған.
Сондай-ақ, елімізде «Техникалық және кәсіптік білімді жаңғырту» жобасы аясында Дүниежүзілік банк есебінен 2014-2015 оқу жылында облыстағы 5 колледж 285 млн теңге көлемінде грантты иеленсе, 5 мамандық бойынша модульдік бағдарлама жасап, маман даярлауда.