«Педагог кадрларды даярлаудың проблемалары мен заманауи мүмкіндіктері» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледжінде 2015 жылдың 16-17 қыркүйегінде өтеді. Конференцияны ұйымдастырушы – ҚР Білім және ғылым министрлігі.
Конференцияны өткізу педагогикалық кадрларды даярлау мәселесінде кездесетін проблемалардың түйінін анықтау, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіне заманауи талаптарға жауап беретін құзыретті мамандар даярлаудың ғылыми-теориялық, әдіснамалық негіздерін айқындау, білім берудің өзекті проблемаларын талқылау, отандық және шетелдік білім беру жүйесін салыстыру арқылы оқытудың заманауи технологияларының озық үлгілеріне талдау жасауда оңтайлы шешімдер қабылдауға жол ашпақ.
Пленарлық мәжіліске Кембридж аймақтық колледжі, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясы, Ресей білім академиясы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің ғалымдары қатысады.
Конференцияда баяндамалардың дені кәсіби кадрларды даярлаудағы ғылыми-әдіснамалық проблемалар, оқу процесін технологизацияландыру, болашақ мамандарды тұлғалық әлеуметтендіру, мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім беру арасындағы сабақтастық мәселелерін қамтиды.
Мәжіліс жұмысының нәтижесінде ұйымдастырушылар ғылыми-теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде пайдаланатын, құрылымдық шешімдер қабылдайтын, отандық және шетелдік білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістерге сараптама жасай алатын, жаңа инновациялық технологияларды меңгерген оқытушының моделін көреді.