Ислам Қабышұлы: Өмірімнің 53 жылын түркітектес халықтардың тарихына арнадым - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ислам Қабышұлы: Өмірімнің 53 жылын түркітектес халықтардың тарихына арнадым

14.09.2015
Ислам Қабышұлы: Өмірімнің 53 жылын түркітектес халықтардың тарихына арнадым

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арнайы келген ғалым: «Мерейлі мерекені біз Моңғолияда Қазақ елінің тарихшылары, Моңғолияның, Қытайдың, дүниежүзіндегі түркітектес халықтардың ірі мамандары бірігіп, осыдан екі ай бұрын белгілеген едік. Біз түбі бір түркі тектес халықпыз. Тарих ғылымына мен тек қазақ немесе моңғол тарихы тұрғысынан ғана қарамадым.

Түркітектес, түркітілдес 28 ұлт пен ұлыстың, жеті тәуелсіз республиканың 2200 жылдық тарихын екшеп, «Тұран әлемі» деген кітап жазып, мемлекеттік сыйлық алған едім.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ елінің, әлемнің алдында айтқан сөзі тұтас түркі елдерінің  бойтұмары ретінде сақталады»,-дейді ғалым.

«Түркітектес халықтың түп атасы кім дегенді біз 50 жылдай зерттей келе,  түркітектес халықтардың бел баласы – қазақ деген тоқтамға келдік. Моңғолия ғылымына, жалпы дүниежүзіне осы жаңалықты айттық».

Ғалым Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» кітабы мен Абайдың таңдамалы шығармаларын моңғол тіліне аударған.  «Ілияс Есенберлин тарихшы емес, бірақ, тарихи романдардың ғажап авторы. Бұл кітап Моңғолияда үлкен қызығушылықпен тарап кетті.  22 мың данамен басылған кітаптың бүгінде бірі де жоқ. Мен мына кітапты өзімнің кітапханамнан алып келдім. Ал, Абайдың кітабын қазір таппайсыз. Сондықтан, ұлы ақынның 170 жылдық мерейтойында осы кітапты қайта басуды қолға алғалы отырмыз».

«Өмірімнің 53 жылын түркітектес халықтардың тарихына арнадым. Соның нәтижесі - «Екі елді ұлықтаған 50 жыл» атты кітап»,-дейді ғалым.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу