Семейде мектеп оқушылары арасында XVI республикалық Абай оқулары байқауы өтеді

08.09.2015
Семейде мектеп оқушылары арасында XVI республикалық Абай оқулары байқауы өтеді

Шараны Білім және ғылым министрлігі Семей қаласының «Абай-Шәкәрім» мұражай кешенінде ұйымдастырады.

Байқауға облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жалпы білім беретін мектептерінің, дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттарының 5-11 сынып оқушылары - Абай оқуларының және жыршылар байқауының өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздары  қатысады, деп хабарлайды Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Ұлы ойшылдың 170 жылдығына арналған XVI Республикалық Абай оқулары 10-11 қыркүйекте өтеді. Абай оқуларының салтанатты ашылуы Абай ауданы орталығының (Қарауыл селосы) Мәдениет үйінде өтеді.

Абай оқулары үш аталымда өтеді. Олар: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» - Абай мен Шәкәрімнің шығармаларын жатқа оқу байқауы; «Көңілім әнді ұғады» - Абай мен Шәкәрімнің әндері мен күйлерін орындау; «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» - жас дарындар байқауы.

Жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, мақтау қағаздарымен және сертификаттармен, сонымен қатар арнайы жүлделермен марапатталады. Аталған іс-шаралар аясында оқушылар Абай ауданындағы тарихи орындармен: М.Әуезовтың туған ауылындағы мұражай-үйімен, Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйімен танысады. Олар үшін Еңлік-Кебектің ескерткішінде, Шілікті кезеңінде, Үңгіртаста театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады.

Хабарламаларға жазылу