Астана қаласынан 35 шақырым қашықта орналасқан Қабанбай ауылы маңында ұйымдастырылған аламан бәйге 51 шақырымға созылды. Жарысқа 82 тұлпар қатыстырылды.
Алматы облысы, Жамбыл ауданының Тарғап ауылынан келген Олжас Қойшыбек «Жаннұр» атты жүйрігімен тұғырдың үшінші сатысына шығып, 3 миллион теңге иеленді. Павлодарлық Мейірхан Дәулетов «Бейбарыс» атты тұлпарымен мәре сызығын екінші болып кесті (5 миллион теңге).
Ал, бас бәйгені «Шамал» атты сәйгүлімен жамбылдық Ақжол Жұматай иеленді. Бұл - тұлпардың 19-шы жеңісі. Осыған дейін қатысқан жарыстарында алдына қара салмаған.
Бәйгенің жалпы жүлде қоры 23 миллион теңгені құрады. 9 атқа жүлде берілді.
Бәйгемен қатар, ат тағалаудан да сайыс өтті. «Елді - ағасы, атты - тағасы сақтайды. Ер тоқымынан бастап, тағасына дейін көңіл бөлмесе, аттың бабы да, бағы да болмайды», дейді төреші Құдайберді Мырзабек.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.