Бүгін «Алтын тұлпар» атты аламан бәйге өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Алтын тұлпар» атты аламан бәйге өтті

14.09.2014
Бүгін «Алтын тұлпар» атты аламан бәйге өтті

Аламан десе арқасы қозатын Алаш баласы үшін жайдары жаңалық. Елімізде тұңғыш рет «Алтын тұлпар» атты аламан бәйге өтті бүгін. Астананың іргесінде болған ат жарыстың өтуіне «Нұр Отан» партиясы, Ұлттық спорт ойындары қауымдастығы мен Мәдениет және спорт министрлігі мұрындық болса, бәйгеге «Самұрық Қазына» қоры қаржылай ал, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы ақпараттық демеушілік көрсетті.

«Алтын тұлпардың» ерекшелігі көп болды. Бәйгеге қатысқан кіл жүйріктер шеңбер айналып шаппай, иен даланың төсімен 43 шақырымдық жолға шықты. Сөйтіп, 60-қа жуық жүйрік қатысқан аламанда көмбеге Бақторы атты тұлпарды тізгіндеген Қарағанды облысының шабандозы Амангелді Думан бірінші келіп, 10 миллион теңгемен қанжығасын майлады.

Екінші орынды ОҚО облысының атынан қатысқан Мейіржан Рахманов иеленсе, үшінші орын  Қарағанды облысының тағы бір өкілі Еркебұлан Ермағанбетовке бұйырды. Бәйгені ұйымдастырушылар көмбеге алғаш келген 9 тұлпарға сыйлық тағайындады.

Сонымен қатар, осы бәйгенің аясында тұңғыш рет ата дәстүрін жалғап, шын жүйрікті жазбай танитын сыншыларға «Толыбай сыншы», «Күреңбай сыншы», «Кейхауыс сыншы» атындағы арнайы жүлделер тағайындалып, таратылды.

Хабарламаларға жазылу