balapantv.kz сайтынан айына 200 мыңға жуық бүлдіршін өзіне қажеттісін табады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

balapantv.kz сайтынан айына 200 мыңға жуық бүлдіршін өзіне қажеттісін табады

24.08.2015
balapantv.kz сайтынан айына 200 мыңға жуық бүлдіршін өзіне қажеттісін табады

27 қыркүйек - еліміздегі тұңғыш «Балапан» балалар телеарнасының туған күні. Телеарна «Қазақстан»РТРК» АҚ құрамында 2010 жылдың 27 қыркүйегінде ашылды.

Сол уақыттан бері арнаның balapantv.kz сайты жұмыс істеп келеді. Еліміздің әр түкпіріндегі балалардың телеарнаны онлайн жүйесінде көру мүмкіндігі бар.  

Сайт оқырмандары күн санап өсуде. «Google Analytics» есептеуіші бойынша күнделікті оқырмандар саны 2 мыңға жуықтайды, ал, айына 200 мыңға жуық бүлдіршін өзіне қажеттісін табады.

«Сен білесің бе?», «Ол қандай бала болған?», «Алтын сақа»,  «Балапаннан базарлық» айдарлары бойынша бүлдіршіндерге танымдық ақпараттар ұсынылса, «Қолөнер», «Дәмді» айдарлары балдырғандарды шеберлікке, аспаздыққа баулиды.

«Балапанның қонағында» еліміздегі және халықаралық деңгейдегі білім, спорт, өнер сайыстарында топ жарып, еліміздің атын әйгілеп жүрген балалармен сұхбат беріледі.

Бүгінге дейін көпшілікті өнерімен 5 жасында-ақ таңғалдырып үлгерген Ермек Балжігіттің, «Әлемдегі ең жас гроссмейстер» атағының иегері, шахматшы Жансая Әбдімәліктің, 7 жасында жырларымен айтулы мүшәйралардың бас жүлдесін иеленген ақын Жамбыл Дүйсеновтің, көрермендерге «Шал» фильмі арқылы танылған актер Орынбек Молдаханның, «Айгөлек» республикалық балалар байқауының жүргізушісі Назым Әбілдина, «Балапан» телеарнасынан ұсынылған «Санжар мен Қайсар» фильміндегі Қайсардың рөлін сомдаған Нұрдәулет Есболғанның сұхбаттары жарияланған.

Ал, «Ол қандай бала болған?» бөлімінде ұлтымыздың ұлы тұлғалары Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев, Әлихан Бөкейханов және тағы да басқалардың балалық шақтары туралы әсерлі әңгімелер жарық көрді.

«Қиял қанатында» балалардың шығарған өлеңдері мен салған суреттері жарық көрсе, «Балапанға хат» айдарында балдырғандардың арнаға жолдаған өтініш-тілектері берілген.

Сондай-ақ, «Менің атым...», «Балапанның» ата-анасына» айдарларында бүлдіршіндерден бөлек, күн сайын олардың ата-аналары үшін қажетті мәліметтер беріліп отырады.

Бүлдіршіндер эфирден өткен барлық хабарларды «Сайт мұрағатынан» кез келген уақытта таба алады.

Жанрлық бағытты анықтау мақсатында сайт арқылы жылына екі рет республикамыздың кішкентай көрермендері арасында сауалнама жүргізіледі.

Сондай сауалнамалардың қорытындысы бойынша «Ойлан, тап!» бағдарламасы дүниеге келді. Алғаш рет балалар жаңалығы - «Балапан news» көрерменге жол тартты.

Биылғы жылдың тамыз айынан бастап, balapantv.kz сайты жаңаша нұсқада жұмыс істей бастады.  Қазіргі уақытта контентті өзгеше мазмұнмен байыту мәселелері қаралуда.

 

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу