«WorldSkills Competition» халықаралық техникалық мамандықтар чемпионатында қазақстандық колледж студенттерінің ұлттық құрамасы марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
11-16 тамыз аралығында Бразилияның Сан-Пауло қаласында «WorldSkills» халықаралық техникалық конкурс өткен болатын. Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі колледж студенттері осы конкурстың чемпионатына қатысу мүмкіндігін иеленді.
Құраманың чемпионатқа қатысуы ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Ұлттық оператор «Кәсіпқор» холдингінің қолдауының арқасында өткізілді.
Әлемнің түкпір-түкпірінен 1200-ден астам қатысушы үздік деген атақ үшін жарысты. Қазақстан құрамасын әлемдік аренада WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионатының жеңімпаздары таныстырды.
Қазақстан қатысушылары байқауда тәжірибесі бар басқа елдерден келген қарсыластарымен қатал бәсекелестік жағдайда өздерінің икемділіктері мен тәжірибесін көрсетті.
Чемпионаттың нәтижесінде Әділет Төкежанов, Қуаныш Айтжанов, Ұлан Жармұхамедов, Сергей Белоносов марапатталды.
Қазақ ұлттық құраманың барлық қатысушылары - осы жылы елімізде алғаш рет өткізіліп отырған WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатының жеңімпаздары. Енді чемпионат техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дәстүрлі шараға айналмақ.