Алматы облысында «Жаңа білім беру бағдарламалары, инновациялар және құзыреттілік тәсілдеме - табысты мектепке қадам» атты тақырыппен тамыз кеңесі өтті.
Облыстың білім саласының жай-күйі талқыланған жиында өңірде 32 білім беру нысанымен қатар, 41 білім мекемелерінің құрылыс және жаңғырту жұмыстарына 17 млрд. теңге бөлінгендігі айтылды.
Онда білім саласына қатысты ой-жоспарларымен бөліскен облыс басшысы Амандық Баталов Елбасының тапсырмасына сәйкес, апатты мектептердің мәселесін шешу бағытында 840 оқушыға арналған 5 жалпыға білім беру мектебінің құрылысы аяқталып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілетінін атап өтті.
Ал 2016 жылы Ұлттық қор қаржысы есебінен Райымбек ауданы Сарыжаз ауылындағы апатты мектептің орнына 600 орынды мектеп салу жоспарланған.
Сондай-ақ, үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында жыл басында Талғар ауданы Жаңалық ауылында 180 орынға арналған қосалқы ғимарат пайдалануға берілді. Жалпы 2016-2018 жылдары тағы 34 мектептің құрылысын жүргізу межеленіп отыр. Сонымен қатар, жетім балалар үшін «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінен 100 үй сатып алынып берілетіні де айтылды.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі білім саласы басшыларының алдыларына нақты міндеттер қойды.