Болатбек Төлепберген: Біз осы не бітіріп жүрміз? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болатбек Төлепберген: Біз осы не бітіріп жүрміз?

11.08.2015
Болатбек Төлепберген: Біз осы не бітіріп жүрміз?

Жуырда ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша Болатбек Төлепбергеннің «Біз осы не бітіріп жүрміз?» атты публицистикалық толғаулар мен мақалалар жинағы жарық көрді.

ҚР Президентінің журналистика саласындағы сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің «Біз осы не бітіріп жүрміз?» атты публицистикалық еңбегі ұлтымыздың кешегісі мен бүгініне арналған.

Автордың «Біз осы не бітіріп жүрміз?» атты публицистикалық еңбегі ұлтымыздың кешегісі мен бүгінгісіне арналған. Атап айтқанда, Алаш қайраткерлерінің ел тарихындағы алатын орны мен тәуелсіздік толғауы  қазіргі әлеуметтік болмыс пен санадағы ұлттық идея арақатынасын зерделеген. Сонымен қатар, қазақтың ортақ құндылық бастауын жасау және жас ұрпақ бойына отансүйгіштікті сіңіру мәселелері аталған еңбекте жан-жақты көрініс тапқан.

Елді дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығаратын басымдықтар мен ұлттық идеяны іздестіру мәселесі, сонымен қатар, қазіргі уақытта ұзақ мерзімдік ұлттық идеологияны айқындаудың қажеттілігі аталған еңбекте лайықты тұрғыда талданған.

«Алаш қозғалысынан тәуелсіздікке дейін» атты бірінші бөлімде ұлт пен ұлтшылдық, ұлттық сана мен ұлттық бірегейлік және оны қозғайтын интеллектуалдық элитаның руһани және әлеуметтік қызметтерін сараптау негізінде ХХ ғасырдың басында заман талабына сай сапалық тұрғыдан жетілген және өз эволюциясының жаңа сатысына көтерілген қазақтың ұлттық идеясы - Алаш идеясы және қозғалысы бағамдалады.

Автор Алаш идеясы туралы пайымдарын, яғни, Қазақ елінің ұлттық мұрат-мүддесін қорғау жолында өмірге келген қоғамдық-саяси құбылысқа байланысты өз тұжырымдарын оқырман назарына ұсынады. Алаш идеясы таразылана отырып, ХХ ғасырдың түрлі кезеңдеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстар арасындағы  өзара  логикалық  байланыс ұтымды баяндалған.

Болатбек Төлепберген Алаш идеясы үшін күресті кеңестік билік жағдайында жалғастырған қоғамдық ұйымдар мен жеке азаматтардың қызметін нақты құжаттық материалдар арқылы берген. Сондай-ақ, Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ жастарының саяси-әлеуметтік жағдайы да талданған.

«Жасампаз идеяның жалғасы» атты екінші бөлімдегі публицистикалық толғауларға ұлттық мәселелер, тарихи ақтаңдақтар және демократия принциптері арқау болған.

Аталған бөлімнен  елім деп соққан жүректердің лүпілін, зайырлы мемлекеттің өткені мен бүгінін, болашағын, тарихы мен шежіресін, тілі мен ділін, азаттығы мен еркіндігін, халықтың бірлігі мен тәуелсіздіктің тұғырын аңғарарыңыз анық.

Сонымен қатар, автор жаhандану жағдайында зияткерлік ұлт қалыптастырудың, бәсекеге қабілетті қауым тәрбиелеудің, алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына қосылудың бастауы ретінде қазақ халқының руһани мұрасын тереңдете зерттейді.

Оның құнды руһани мол байлығын жастар арасында насихаттау, бүгінгі ашықтық пен мәдени плюрализм аясында басқа мәдениеттер мен өркениеттерге жеткізе білу ұлттық идеяның үйлесімді қалыптасуы барысындағы оңтайлы және келешегінен үміт күттіретін әрекет екендігін осы бөлімде таразылайды.

«Әңгімелер» атты үшінші бөлім публицист-қаламгер, ғалым-зерттеуші Болатбек Төлепбергенді жазушылық қырынан таныта түседі. Бұл бөлімде автордың әр жылдары жазған, ешқандай кітаптарға, жинақтарға енбеген прозалық шығармалары, яғни, әңгімелері енгізілген.

Бұл бөлімдегі кейіпкерлерін де жанындай жақсы көріп, әсем табиғатты әсерлі етіп суреттеген, ұлтжандылық пен елжандылықты елжірей отырып насихаттаған. Жүрегі «халқым», деп соққан қарлығаш көңіл қаламгер қасиетті дәстүрлерімізді жаңғырта, нәрлендіре түскен.

Хабарламаларға жазылу