Дүниежүзілік донорлар күніне орай Александр Скаковский 1000-шы рет қан тапсырмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүниежүзілік донорлар күніне орай Александр Скаковский 1000-шы рет қан тапсырмақ

12.06.2015
Дүниежүзілік донорлар күніне орай  Александр Скаковский  1000-шы рет қан тапсырмақ

14 маусым -  Дүниежүзілік донорлар күніне орай  Қазақстан Республикасының Құрметті доноры  - Александр Скаковский  1000-шы рет қан тапсырмақ.

Ол  донация саны жағынан  Австралия тұрғыны Джеймс Харрисоннан кейін әлемде екінші орында. Александр  Скаковскийдің  1000-шы донациясы Алматыдағы Республикалық қан орталығында  12 маусым  сағат  15:00–де өтеді.

Ал, бұған дейін «Бауыржан» қоғамдық қоры және  «Қазақстан Қызыл айы» қоғамдық бірлестігі «Sumsung» компаниясымен бірлесе отырып,  13 мамыр-12  маусым  аралығында  «Сенің күнің, донор!»  ұранымен елімізде ақысыз донорлықты дамыту және насихаттау акциясын  өткізді. Шараға республикамыздың беделді азаматтары, шоу-бизнес, қоғамдық ұйымдар өкілдері,  Қазақстанның Құрметті донорлары қатысты.

Акцияның  қорытынды шарасы  ретінде 14 маусым күні  «Атакент» аумағында Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен қайырымдылық  гала-концерт ұйымдастырылмақ.

Айта кетейік, Дүниежүзілік донорлар күні - адам қанының топтарын ашқан, Нобель сыйлығының лауреаты Карл  Ландштейнердің туған күніне орай белгіленген. Биылғы жылы Дүниежүзілік донорлар күні өтеусіз қан тапсыруға шешім қабылдап, ерлік жасаған адамдарға алғыс пен ризашылық ретінде «Менің өміріме араша болғаныңа рахмет!» тақырыбымен өтпек. 

Хабарламаларға жазылу