«Астана кештері» IV Халықаралық өнер фестивалі бүгін қорытындыланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана кештері» IV Халықаралық өнер фестивалі бүгін қорытындыланады

06.06.2015
«Астана кештері» IV Халықаралық өнер фестивалі бүгін қорытындыланады

Астанада 4 маусым күні басталған «Астана кештері» IV Халықаралық өнер фестивалі бүгін қорытындыланады.

Фестиваль Дариға Назарбаеваның «Оперетта кеші» атты концертімен ашылды.

Шараның алғашқы күнінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Андрей Трегубенко, Башқұртстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Әлфия Кәрімова, Халықаралық байқаулардың лауреаты Мейір Байнеш, сондай-ақ, «Астана Опера» театрының хор, балет, оркестр ұжымдары өнер көрсетті.

Кеш бағдарламасына сондай-ақ, «Vivat» шоу балеті мен Алексей Велижанинның шоу балеті көрік берді.

Өнер фестивалінің алғашқы күні концертті көпшілікпен бірге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады.

5 маусым күнгі «Классикалық музыка кеші» атты концертте ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Темір Орманшеев (фортепиано), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева (сопрано), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыргөзов (баритон), Халықаралық байқаулардың лауреаты Арман Тілеубергенов өнер көрсетті.

Фестивальдің мақсаты - халықтың түрлі әлеуметтік топтарына әлемдік өнер жауһарларын тамашалауға мүмкіндік беру. 

Шара жыл сайын қайырымдылық жобасы ретінде «Дегдар» гуманитарлық қоры Қамқорлық кеңесінің төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасымен өткізіліп келеді.

 

Хабарламаларға жазылу