Әр елдің астанасы сол елдің әлеуметтік және экономикалық, мәдени жетістігінің айнасы іспеттес. «Таңшолпан» бағдарламасы «Мен – астаналықпын» атты айдар ашты. Айдардың алғашқы кейіпкері – ақын Ерлан Жүніс.
«Астаналық болуы – статус. Астаналық болу – мемлекеттің дамуына әсер етіп жатқан оқиғалар, жағдайлардың ортасында жүру. Астаналық болу – үлкен жауапкершілік. Бұл – үлкен мәдениетті, сананы талап етеді»,-дейді ақын.
Ол Астанаға 2008 жылы қоныс аударды. Әр қала тіршілігінің жазылмаған заңдары болатыны секілді ақынның Астанаға бой үйретіп, қаланы қабылдауы қиынға соқты. Көкке қол созған ғимараттары, қайталанбас архитектуралық зәулім сарайлары ақынның шабытына шабыт қосты.
«Мен алғаш Астанаға келгенде, желқайықты мұхиттың тербегені секілді сезім болды. Барлығы жаңа»,-дейді Елордаға алғаш келгендегі әсерімен бөліскен Ерлан.