1 маусым күні Астанада мерекелік шаралар өткізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 маусым күні Астанада мерекелік шаралар өткізілмек

01.06.2015
1 маусым күні Астанада мерекелік шаралар өткізілмек

1 маусым күні Астананың үш алаңында балаларға арналған мерекелік ойын-сауық шарасы  ұйымдастырылады. Сағат 10:00-ден кешке дейін Астаналық саябақта «Салем, жаз!» атты мерекелік бағдарлама қойылады.

Шара аясында өнер көрмесі, суреттер конкурсы ұйымдастырылып, «Star time» атты флешмоб және балаларға арналған ойындар  өткізіледі. Ойын кезінде  балалар түрлі қиындықтарды еңсеріп, «жарға»  өрмелеуден жарысады. Сондай-ақ, «Дар» және «KZ» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылмақ.

Сонымен қатар, саябақта викторина, асфальтқа сурет салу конкурсы, отбасылық эстафеталар қойылады. «Жасыл мысық» шығармашылық бірлестігі тегін  шеберлік сыныбын өткізеді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар үлестіріледі.

ҚР Қорғаныс министрлігінің алдындағы алаңда сағат 10:00-де «Шуақты Астана» атты көңілді бағдарлама  өтеді. Бағдарлама аясында балаларға арналған ойындар, «Граффити» атты асфальтқа сурет салу конкурсы, би флешмобы, балалардың шығармашылық көрмесі, жас өнерпаздардың концерті ұйымдастырылмақ.

Астана қаласы Оқушылар сарайының алдындағы алаңда «Балалық шақтың тұмары» атты мерекелік бағдарлама қойылады. Шара аясында балалар мен олардың ата-аналарын  «Астана – балалық шақтың қаласы» атты лагердің ашылу салтанаты  күтеді. Сондай-ақ, «Мен елімді сүйемін!» атты сурет көрмесі шығармашылық ұжымдардың концерті және спорттық ойындар ұйымдастырылады.

Үш алаңда да балаларға тәтті балмұздақ, шырын, тәтті мақта және кәмпиттер тегін үлестірілмек.

Сондай-ақ, дәл осы күні жетім балалар мен аз қамтылған отбасылардың балаларына «Сарыарқа» кинотеатры «Пороро» мультфильмін тегін көрсетпек, «Думан» ойын-сауық орталығы Окенариум мен Джунгли аниматрониксін тегін тамашалауға шақырады.

Айта кету керек, бұл күні барлық бала қоғамдық көліктерде тегін жүріп, барлық шараларға қатыса алады.

Ал, спортсүйер қауым үшін «Алау» спорт сарайында сағат 11:00-де ашық есік күні өткізілмек. Шара аясында бадминтон және үстел теннисінен жарыс өткізіледі.

Хабарламаларға жазылу