Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығы және ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай «Тарихқа тағзым» атты көрме өтті.
Көрмеге Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, ҚР Мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпір мен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мақсат Бексұлтанның жұмыстары қойылған.
Суретші Жанұзақ Мүсәпір туындыларының басты тақырыбы – туған өлкенің табиғаты. Қазақ халқының өмірі мен тұрмысы, туған елдің табиғаты бейнеленген этнографиялық сипаттағы картиналарының қатарында «Бәйге», «Шеберлер», «Қобыз сарыны», «Күз», «Балықшы», «Хан Тәңірі» сынды картиналар бар. Қылқалам шеберінің туындылары Қазақстан, Польша, Германия, Қытай, Ресей мемлекеттерінің коллекция иелерінің қорларында сақтаулы.
Ал, Мақсат Бексұлтанның шоқтығы биік «Аңырақай шайқасы» атты картинасы қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін туынды.
Осынау іс-шараның негізгі мақсатына тоқталған Жанұзақ Мүсәпір: «Тарихымызды бір шолып шығу үшін осындай үлкен көрме жасау керек болды. Көрмені Қазақ хандығының 550 жылдығына және ҚР Конституциясының 20 жылдығына арнап отырмыз. Мұнда қазақ халқының өмір белестері, сондай-ақ, Тәуелсіз Қазақстанның кең даласындағы түрлі табиғат көріністері бейнеленген. Көрмеге Мақсат Бексұлтанның суреттерімен қосқанда 100-ден аса картина қойылды. Әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар»,-дейді.
Көрме 28 мамыр-28 маусым аралығында келушілерді күтеді.