Алматыда Василий Бенберин тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Василий Бенберин тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылады

05.05.2015
Алматыда Василий Бенберин тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылады

Бүгін  Алматыда Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, Кеңес Одағының батыры Василий Бенбериннің құрметіне орнатылатын ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Шараға Алматы қаласының әкімі А.Есімов, Астана және Алматы қалаларынан зиялы қауым өкілдері және Василий Бенбериннің әріптестері мен туған-туысқандары қатысады деп күтілуде.      

Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтетін шара мақсаты - батырдың есімін мәңгі есте қалдыру.

Айта кетейік, ескерткіш тақта батырдың соңғы жылдары тұрған үйіне орнатылмақ.

Василий Бенберин - 1918 жылы Ақмола облысындағы Сандықтау ауданының Богословка ауылында  дүниеге келген. 1938 жылы әскер қатарына шақырылып, 1939-1940 жылдары кеңес-фин соғысына қатысқан. 1944 жылы Орлов танк училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберілген. Беларусь майданындағы 44-гвардиялық танк бригадасында Познань қаласы бағытындағы шайқаста ерлігімен көзге түскен.

Алғы шептегі ұрыстардың бірінде гвардия кіші лейтенанты Василий Бенбериннің танкісі Пилица өзенін кешіп өтіп, жаудың қалың нөпірін  жермен жексен етті. Сөйтіп, ол өзеннің арғы бетіне алғашқылардың бірі болып шығып, жау плацдармын басып алды. Осылайша Кеңес әскерінің негізгі күші келгенше жауға бас көтертпеді.

Ловеч қаласы үшін болған ұрыста Бенбериннің экипажы теміржол станциясын басып алды. Осы жанқиярлық ерлігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1945 жылдың 27 ақпанында Кеңес Одағының батыры атағы беріліп, «Ленин» ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі қоса тапсырылды. Сондай-ақ, «Қызыл жұлдыз»  және 1-дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған.

Василий Бенберин майданнан оралғаннан кейін Көкшетау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Алматы қаласы Октябрь аудандық партия комитетінің өнеркәсіп және көлік бөлімінің меңгерушісі  қызметтерін атқарды.

        

ФОТО: www.dentons.com

 

Хабарламаларға жазылу