Елена Әбдіхалықованың шығармашылық кеші – Ұлттық арнада - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елена Әбдіхалықованың шығармашылық кеші – Ұлттық арнада

25.04.2015
Елена Әбдіхалықованың шығармашылық кеші – Ұлттық арнада

Әнші-композитор Елена Әбдіхалықова халық арасына «Есіңе мені алғайсың», «Сыр елі», «Маңғыстау», «Көздеріңе ғашықпын», «Сені көрдім», «Барады жылдар жылжып», «Кош дерсің», «Аманат», «Қазақ елі», «Доспен қоштасу» т.б.   60-қа тарта әндердің авторы әрі орындаушысы ретінде танымал.

Оның жүрекжарды туындылары Мәдина Ералиева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Майра Ілиясова, Рамазан Стамғазиев, Тамара Асар, Жұбаныш Жексенұлы сияқты белгілі әншілердің ғана емес, жалпы халықтың сүйіп орындайтын әндеріне айналған.

Елена Әбдіхалықованың шығармашылық жолы мектеп қабырғасында жүргеннен басталды. 1986 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында өткен  аудандық айтысқа қатысып жүлдегер атанды.

Мектеп қабырғасында жүріп, аудандық «Алтын арай» ән-би ансамбліне қатысып, көркемөнерпаздар ұжымында аудандық, облыстық байқауларда өнер көрсетті. 1987 жылы облыстық ақындар айтысынан жүлдегер атанған Е.Әбдіхалықова жоғары оқу орнының қабырғасында жүрген уақытында шығармашылығын дамыта түседі.

Ол 1991-2002 жылдар аралығында болып өткен 60-қа тарта республикалық, 20-ға тарта облыстық, облысаралық, 5 рет халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы.

Ақындар айтысына қатысумен бірге, жазба поэзияның өкілі ретінде де танымал Елена  Әбдіхалықованың 2000 жылы «Қарашық» атты өлеңдер мен әндер жинағы, 2004 жылы «Бақыт құсы», 2008 жылы «Шынар көлі» атты жыр жинағы жарыққа шықты.

2012 жылы Төлеген Айбергеновтің 75 жылдығына арналған республикалық жыр мүшәйрасында 2-орын, халықаралық «Шығыс шынары» мүшәйрасында бас жүлдені, 2013 жылы Петропавлда өткен «Мағжан көктемі» өнер фестивалінде жазба ақындар мүшәйрасында 1-орын иеленді.

Бүгін Ұлттық арнадан сағат 18:40-та әншінің «Есіңе мені алғайсың» атты шығармашылық кешін тамашалаңыздар.

Хабарламаларға жазылу