Астана және Алматыда екі бөлмелі пәтердің ай сайынғы арендалық төлемі 56 мың теңгеден аспайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана және Алматыда екі бөлмелі пәтердің ай сайынғы арендалық төлемі 56 мың теңгеден аспайды

24.02.2015
Астана және Алматыда екі бөлмелі пәтердің ай сайынғы арендалық төлемі 56 мың теңгеден аспайды

 «Бәйтерек» холдингі мен ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» бағдарламасы бойынша құрылысты қаржыландыру және әлеуметтік арендалық баспананы сатып алу талаптарын талқылады.

Бағдарламаға сәйкес «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес құрылымы - Қазақстандық ипотекалық компания тек салу емес, нарықта бар дайын тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігіне ие болады.

Дөңгелек үстел қатысушыларының айтуынша, «Аймақтарды дамыту-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша  5 жылдың ішінде, шамамен, 1483 мың шаршы метр арендалық баспананы салу жоспарланып отыр. Бұл - орташа есеппен алғанда 29 мың пәтерді құрайды.

Әлеуметтік арендалық баспананы үлестіру кезінде негізгі басымдық көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, оралмандар, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне беріледі.

Бұл ретте тұрғын үйдің 50 пайызы некеде тұрғанына 3 жылдан кем емес, балалары (баласы) бар жергілікті атқарушы органдардың атынан кезекте тұрғандардың арасында үлестіріледі. Ерлі-зайыптылардың жасы 35-тен аспауы керек.

Бөлініп отырған қаражаттардың қайтарылуын қамтамасыз ету мақсатында барлық үміткер олардың төлеуге қабілеттілігі ескеріліп таңдалады.

Баспананы «Бәйтеректің» еншілес компаниясы - Қазақстандық ипотекалық компаниясы сатып алған жағдайда басымдық кезекте тұрушылардың бәрін қамту және ай сайынғы арендалық төлемдерді азайту мақсатында ауданы аз пәтерлерге беріледі. Сатып алынатын пәтерлердің ішінде бір бөлмелі пәтердің ауданы шамамен 33 шаршы метрді, екі бөлмелі пәтердің ауданы - 45 шаршы метрден, ал  үш бөлмелі пәтерлердің ауданы - 62 шаршы метрден басталады.

Астана және Алматы қалаларында жөндеуден өткізілген пәтердің 1 шаршы метрінің базалық бағасы 185 мың теңгеге дейін, қалған аймақтарда - 150 мың теңгеге дейін болады. Баспананы нарықта сатып алу жағдайында бір шаршы метрдің бағасы Астана және Алматы қалалары үшін 200 мың теңгеге дейінгі соманы, ал қалған аймақтарда 165 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды.

Астана және Алматы қалаларында ауданы 50 шаршы метр екі бөлмелі пәтердің орташа ай сайынғы арендалық төлемі 56 мың теңгеден, ал басқа аймақтарда арендалық төлемнің сомасы 47 мың теңгеден аспайды.

Жалпы алғанда, 2015 жылы бағдарламаға сәйкес арендалық баспананың 487 мың шаршы метрін немесе 9 740 пәтерді салып, сатып алу қажет,  деп хабарлайды  «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингінің баспасөз қызметі.

Хабарламаларға жазылу