Әмен Қайдаров дүниеден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әмен Қайдаров дүниеден озды

05.02.2015
Әмен Қайдаров дүниеден озды

Қазақтың тұңғыш мультипликаторы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмінің авторы, көрнекті режиссер Әмен Қайдаров тоқсан екі жасқа қараған шағында қайтыс  болды. Бұл ақпаратты «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі растады.

Кинорежиссер, суретші, ҚазКСР-нің Еңбек сіңірген өнер қайраткері Әмен Қайдаров 1923 жылы Қарағанды өңірінде дүниеге келген. 1951 жылы Алматы суретшілер училищесін бітірген соң «Қазақстан әйелдері», «Ара» журналдарының редакцияларында жұмыс істеген.

1958-1965 жылдары Мәскеудегі мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет факультетінде оқыды. 1965 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарған.

Ол - Қазақстандағы мультипликациялық жанрдың іргесін қалаушылардың бірі. 1967 жылы Қайдаровтың салған суреті бойынша халық ертегісі негізінде тұңғыш түрлі-түсті «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты мультипликациялық фильм жасалды.

Бұл туынды Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында өткен Бүкілодақтық кинофестивальда (1968), Нью-Йорк қаласында өткен Халықаралық мультипликациялық фильмдер фестивалында жүлде алды.

Сондай-ақ, Қайдаров «Құйыршық», «Жанар», «Күн сәулесінен пайда болған көжек» атты мультипликациялық фильмдерді жасаған. 1980 жылы Әмен Қайдаровқа «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы», «Қырық өтірік» сияқты мультипликациялық фильмдер топтамасы үшін ҚазКСР Мемлекеттік сыйлық берілді. «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу