Бүгін - Ленинград жаудан азат етілген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Ленинград жаудан азат етілген күн

27.01.2015
Бүгін - Ленинград жаудан азат етілген күн

900 күнге созылған қанды қырғында неміс басқыншыларына қарсы соғысқан Кеңес әскері көзсіз ерлік көрсетті. Ленинградты жаудан азат ету жолындағы бұл шайқасқа қазақстандық әскери құрамалардың үштен бір бөлігі қатысты.

Әсіресе, 316-атқыштар дивизиясы мен 314-ші дивизия Ленинград облысының 22 елді мекенін жаудан тазартуға атсалысты.  Өліспей беріспеуді серт еткен сұрапыл соғыста қазақ жауынгерлері – Сұлтан Баймағанбетов кеудесін оққа төсеп, қайсарлықпен қаза тапты. Батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен Баймағанбетовке Кеңес одағының Батыры атағы берілді.

Тарихи деректерге сүйенсек, Киров крейсерінде 156 қазақстандық болған. Қазақстаннан барған әскерилердің 30 пайыздан астамы осы шайқасқа қатысқан.

Рота командирі Қойбағаров өз бөлімшесімен  неміс окоптарына басып кіріп, Жеңіске үлес қосқан. Сонымен қатар, Дүйсенбай Шыныбеков,  Жылқышев, Зубков т.б. қазақстандықтар осы ұрыста  ерекше ерлікпен көзге түскен.

Осы бір аласапыран күндерде Халық ақыны Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өрендерім» жырын жазып, ержүрек жауынгерлерге дем берді. Ақын жыры осылайша ерліктің әнұранына айналды.

1943 жылы қаңтарда Ленинград қоршауы бұзылды. Ал, қала толығымен 1944 жылдың 27 қаңтарында жаудан толықтай азат етілді.

Толығырақ «Таңшолпанда».

Хабарламаларға жазылу