Қызылорда әуежайына халықаралық мәртебе берілді. Жыл соңына дейін бірнеше халықаралық әуе рейсі ашылмақ.
Бұл туралы Қызылорда облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Бәйімбетов мәлімдеді.
Бүгінгі күні «Қорқыт Ата» әуежайы арқылы аптасына 27 әуе рейсі жөнелтіледі.
Қазіргі жолаушылар терминалы сағатына 150 жолаушы өткізсе, болашақта 500 жолаушыға дейін қызмет көрсетпек.
«Бұрын қызылордалықтар шетелге бару үшін Астана және Алматы қаласы арқылы ұшатын еді. Ағымдағы жылдың қазан айында әуежай халықаралық дәрежесін алды, жолаушылар терминалының құрылысы басталып кетті»,- деді басқарма басшысы.
«Қорқыт Ата» әуежайы АҚ қазіргі уақытта «Air Astana», «SKAT», «Investavia» (Қазақстан), «Transavia» (Ресей), «Pegasus» (Түркия) және басқа да әуекомпаниялармен Бейжің, Стамбул, Мәскеу, Дубай қалаларына тікелей рейстер ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізуде.
strategy2050.kz