Астанада «Түркі әлемі: тұлғалар тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференция өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Түркі әлемі: тұлғалар тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференция өтуде

27.10.2014
Астанада «Түркі әлемі: тұлғалар тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференция өтуде

Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Халықаралық Түркі академиясының (ITA) ұйымдастыруымен «Түркі әлемі: тұлғалар тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференция басталды.

Конференцияның мақсаты – исі түркіге ортақ, ағарту саласында өшпес із қалдырған, азаттық үшін күрескен, түркі халықтарының бірлігін бекемдеу жолына өмірлерін арнаған тау тұлғалардың есімдерін бауырлас халықтар мен жас буынға насихаттау.

Халықаралық Түркі академиясы түркі әлеміне ортақ тұлғаларды ұлықтауға ұдайы көңіл бөліп келеді. Бұған дейін қырғыздың белгілі  жыршысы әрі ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың 150 жылдық мерейтойына және түрікмен халқының тегеурінді ақыны Махтымқұлы Пырағының туғанына 290 жыл толуына орай конференциялар өткізгені мәлім.

Осы орайда бүгінгі ұйымдастырылған шара түркі әлемінің бірлігі жолында қызмет еткен қайраткерлер – Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов,  Исмаил Гаспралы, Алибек Хусейнзаде және Мамед Эмин Расулзадеге арналып отыр.

«Тілде, пікірде, істе бірлік» идеясын өмірлік ұстаным еткен, түгел түркіге тараған «Тәржіман» газетін шығарған қайраткер, Алаш ардақтылары ұстаз тұтқан қырымдық Исмаил Гаспралының дүниеден озғанына биыл 100 жыл толды. БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) 2014 жылды аталған қоғам қайраткері, әйгілі ағартушыны еске алу жылы деп жариялады.

Биыл сондай-ақ,  бауырлас әзірбайжан халқының көшбасшылары - Алибек Хусейнзаденің туғанына 150 жыл, Мамед Эмин Расулзаденің туғанына 130 жыл толды.

Ал, қазақтың біртуар ұлдары – Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожановтың 120 жылдық мерейтойлары да аталған күнмен тұспа-тұс келіп отыр.

Алқалы жиынға Қазақстанмен қатар, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Моңғолия, Жапония, Ресей, АҚШ және т.б. елдердің ғалымдары, қоғам қайраткерлері мен зиялылары қатысып, түркі әлеміне ортақ тұлғалар баяндама жасауда.

Олардың қатарында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институтының директоры, профессор Хангелді Әбжанов, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Мәмбет Қойгелдиев, Сұлтанбек Қожановтың немересі Светлана Кожанова, Исмаил Гаспралының шөбересі Гүлнара Сеитваниева, Познаньдағы (Польша) Адам Мицкевич атындағы университеттің профессоры Хенрик Янковски және т.б. бар.

Бейбітшілік және келісім сарайында басталған басқосу Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде жалғасты.

Біздің анықтама:

Тұрар Рысқұлов - 1894 жылы Верный уезіне қарасты Шығыс Талғар болысында (қазіргі Алматы облысы) дүниеге келген. Әкесі Рысқұл Жылқайдаров 1904 жылы желтоқсанда патша үкіметінің зорлық-зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жыл каторгалық жұмысқа кесіліп, Сахалинге жер аударылады. Он жасар Тұрар да Верныйдағы түрмеде әкесінің қасында болады.

1907 жылы Қырғызбаев деген жалған тек алып, Меркідегі орысша-қазақша бастауыш мектепке түседі. 1910-1914 жылдары Бішкектегі ауылшаруашылық мектебінде оқиды. 1916 жылы Ташкенттегі мұғалімдер институтына қабылданады. Бірақ, оны аяқтай алмайды. Қазақстан мен Орталық Азияда ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете қалып, Т.Рысқұлов соған белсене атсалысады. Әулиеатадағы көтерілістің ұйымдастырушысы ретінде тұтқынға түседі. Одан құтылып шыққаннан кейін де өзінің идеялық мақсатынан айнымайды.

Тұрар Орталық Азия зиялыларының Мәскеуде білім алуына, өсіп-жетілуіне тікелей ықпал етті. Н.Нұрмақов, С.Меңдешев, Д.Қонаев, М.Сұлтанғалиев, Қ.Сәтбаев, Ю.Абдрахманов, Т.Айтматов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, С.Аспендияров, М.Әуезов, Ә.Диваев, т.б. азаматтарға көп қамқорлық жасады. Әлихан Бөкейхановты абақтыға жапқанда Сұлтанбек Қожанов екеуі Сталинге телеграмма жазып, Әлиханның абақтыдан босауына атсалысты.

Сол кезеңде бүкіл Алаш зиялылары Тұрар Рысқұлов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов сияқты белгілі тұлғалардың төңірегіне Ташкентке шоғырланды. Ол 1922-1924 жылдар аралығында Халел Досмұхамедов басқарған «Талап» қоғамына да қаржылық көмек көрсетіп, ғылымды дамытуға үлес қосты.

Тұрар Рысқұлов – терең ойлы, болашақты болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға. Ол – экономика, мәдениет, дипломатия, тарих, ғылым, білімнің әр саласын жете меңгерген аса талантты адам. Тұрар түркітілдес халықтардың конфедерациясын жариялы түрде ұсынып, экономикалық-саяси жақтан тәуелсіз болуды армандаған.

Қанаушылықты, отаршылдықты, шовинизмді, ұлттық саясатты бұрмалаушылықты орталық үкіметке ашық жеткізген. Ол шаруашылықтың барлық саласына ұтымды ұсыныстар айтты.

Тұрар 1919 жылдың өзінде Түркістан Республикасының құрамындағы Сырдария облысы, Жетісу облысын Қазақстанға қосып, Ташкент қаласын бүкіл түркілерді шоғырландыратын астана жасауды, соның негізінде Түрік Республикасын құруды айтқан.

1921 жылы Әзірбайжан компартиясының ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде Т.Рысқұлов Ататүрік бастаған ұлт-азаттық көтерілісін қолдады. Сол кезеңде Тұрар Азия құрлығындағы Қытай, Үндістан секілді мемлекеттердегі көтерлістің келешегін болжап, жеңіске жететінін айтып кеткен.

Рысқұловтың көздеген мақсаты, түпкi идеясы – Түркi дүниесiн бiрiктiру еді.

 

Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов - 1894 жылдың 10 қыркүйегінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. Мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист. Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, 3 сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Мәскеуде БК(б)П ОК Марксизм-ленинизм курсын  бітірген.

Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды.

Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытып, оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқ асты етушілік деп бағалады.

Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараны жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты.

«Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан Республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды.

 

Исмаил Гаспралы – қырым татарларының зиялысы, ағартушы, баспагер, саясаткер. Ол 1851 жылдың 8 наурызында Таврия губерниясына қарасты  Ялтин уезінің Авджикой ауылында дүниеге келген.

Ол білімді алғашқыда үйден алған. Кейін ерлер гимназиясында, Воронеж әскери оқу орнында, сосын екінші Мәскеу әскери гимназиясында оқыған. Алайда, оқуын аяқтамай Қырымға қайтып оралып, бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді. Ал, 1871 жылы Францияға кетеді. 1874-1875 жылдары Түркияда өмір сүрген. Кейін Қырымға қайтып келген соң, ол Бахчисарай қалалық думасының депутаты болып сайланады.

1879 жылы Исмаил Гаспралы жалпытүркі тіліндегі «Файдалы эглендже» (1879-1880), «Закон» (1881) газеттерін шығаруға әрекет жасайды. 1883 жылдың 10 сәуірінен бастап, Гаспралыға «Тәржіман» газетін шығаруға рұқсат етеді. Бұл басылым ұзақ уақыт бойы Ресейдегі түркітілдес жалғыз газет болып шығып тұрды.  Газет 35 жылдай жарық көріп тұрады да, 1918 жылдың 23 ақпанында жабылады.

Осы «Тәржіман» газеті арқылы Гаспралының ойлары Қырым, Бұқар, Хивин хандықтарына, Идел-Урале жерлеріне тарады. Сондай-ақ, газет Түркия, Египет, Қытай, Франция, Швейцария, Парсы, АҚШ, Болгария елдеріне тарады. Гаспралы газетінің шетелде мұнша танымал болатынын білмеген.

Ислам халықтарының  «Икдам», «Себах», «Гайрет», «Ватан», «Диккат», «Хидмет», «Агонк», «Заман», «Каир», «Нил», «Ахтер», «Наасури» сынды басылымдары Гаспралы материалдарын пайдаланған.

 

Алибек Хусейнзаде – әзірбайжан ғалымы, философ, суретші және дәрігер. Ол 1864 жылдың 24 ақпанында Әзірбайжанның Сальян қаласында дүниеге келген. Оның атасы Ахунд Ахмед Сальяни 32 жыл бойы Кавказдың Шейх уль-исламы болған адам.

Алибек бастауыш білімді Тифлисс мұсылман мектебінде алады. Кейін Тифлисс классикалық гимназиясында оқиды. 1885 жылы Санкт-Петербург университетінің  физика-математика факультетіне түседі. 1889 жылы университетті тәмамдаған соң Хусейнзаде Стамбулға аттанады.

Онда ол Стамбул университетінің медицина факультетіне тапсырады. Әскери оқуын аяқтаған соң Алибек Осман әскерінде әскери дәрігер болып қызмет етеді. Бұдан соң Стамбул университетінде профессордың көмекшісі қызметін атқарады. Алибек Хусейнзаде - «Иттихад ве Терреги» партиясының негізін қалаушылардың бірі.

1903 жылы Алибек отанына оралып, Баку қаласында жеті жыл тұрады. Осы уақыт аралығында ол ағартушылық және баспа ісімен қызу айналысып, «Хаят» газетін басқарады. Сондай-ақ, «Каспий» газетінің бас редакторы болған.

Түркияда тұрған кезінде Алибек Хусейнзаде көбіне медицинамен айналысқан. Ол Стамбул университетінің профессоры бола жүріп, сифилис және холера ауруларына қатысты бірқатар монография жазған. Осы жылдары ол Гете, Эсхила, Адам Смит, Омар Хайям, Фирдоуси, Шиллер шығармаларын түрік тіліне аударумен де айналысқан.

 

Мамед Эмин Расулзаде – 1884 жылдың 31 қаңтарында Бакин губерниясына қарасты Новханы ауылында молданың отбасында дүниеге келген.  Әзірбайжанның мемлекеттік, саяси және қоғам қайраткері, журналист, драматург. Ол 1918 жылы Әзірбайжан Ұлттық кеңесінің төрағасы болған.

Мамед Эминнің әкесі молда болса да, ұлын орыс-татар мектебіне берген. Мектепті аяқтаған соң, Мамед Эмин білімін Бакин техникалық училищесінде жалғастырады. 1902 жылы Мамед Эмин оқушылар арасында «Мусават» атты мұсылман жастары ұйымын құрады. 1903 жылы оның туған тілінің тазалығы турасындағы алғашқы мақаласы  «Шарги-Рус» газетінде жарық көреді. Бұл басылым Ресейдегі түрік тіліндегі жалғыз газет болатын.

Расулзаде саяси қызметінен бөлек, өлең, пьесалар жазған. 1908 жылы оның «Гаранлыгда ишыглар» атты пьесасы қойылады.

Хабарламаларға жазылу