Астанада С.Сейфуллиннің 120 жылдығына арналған конференция жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада С.Сейфуллиннің 120 жылдығына арналған конференция жұмысын бастады

23.10.2014
Астанада С.Сейфуллиннің 120 жылдығына арналған конференция жұмысын бастады

Бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ақ иық ақын, көрнекті мемлекет қайраткері С.Сейфуллиннің 120 жылдығына арналған «Сейфуллин оқулары – 10: Мемлекеттің индустриалды-инновациялық саясатын құрудағы бәсекеге қабілетті кадрларды дайындау келешегі мен ғылымның рөлі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы жұмысын бастады.

Жиын барысында елдің аграрлық-өнеркәсіптік кешенін дамытудың индустриалдық-инновациялық  жолдары,  ғылым мен білім саласындағы зерттеу университеттерін құру туралы алыс-жақын шетелден арнайы келген ғалымдардың пікірлері тыңдалып, қызу пікірталастар өрбімек.    

«Зерттеу университетіне трансформациялаудағы алғашқы қадамдар» атты баяндамасында университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев университтеттің  болашақтағы даму бағытына кеңінен тоқталды.

Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, университет түлегі Жамбыл Ахметбеков: «С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ еліміздегі жоғары оқу орындарының ішіндегі шоқтығы биік жоғары оқу орыны. Ол тек аграрлық сала мамандарын даярлайтын жетекші оқу орыны ғана емес сонымен қатар бүгінгі таңда техникалық сала бойынша да заманауи,әмебап мамандарды даярлайтын зерттеу орталығына айналды» -деп, атап өтті.  

Еуразия Ұлттық Университетінің ректоры Е.Сыдықов С.Сейфуллиннің 120 жылдығына орай  танымал сәкентанушылардың зерттеу жұмыстарына тоқтала келе,  университетке жаңадан табылған Сәкен қолжазбасының түп нұсқасын тарту етті.

«Сәкеннің қоштасуы» атты  бұл өлең ақын қолымен жазылып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.  Конференцияда мемлекетіміздің агроөнеркәсіптің кешенін индустриалды-инновациялық дамыту туралы Германия, Польша, Италия, Эстониядан келген танымал ғалымдар мен  отандық ғалымдардың баяндамалары тыңдалады.

Екі күнге созылатын  «С.Сейфуллин оқулары-10» халықаралық конференциясы ертең жұмысын  аяқтамақ.   

Хабарламаларға жазылу