Балауса Әбдіманапова: Мағжан туралы қойылымға қатысу мен үшін үлкен мәртебе - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балауса Әбдіманапова: Мағжан туралы қойылымға қатысу мен үшін үлкен мәртебе

21.10.2014
Балауса Әбдіманапова: Мағжан туралы қойылымға қатысу мен үшін үлкен мәртебе

Бүгін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма  театрының жаңа маусымы «Жүз жылдық махаббат» премьерасымен ашылады. Сол қойылымның костюм үлгісінің суретшісі қызметін атқарған Балауса Әбдіманапова жұмысының асқан жауапкершілікті қажет ететінін айтады.

«Бұл жұмысқа жазғы демалыстан кейін кіріскенбіз. Қойылым Мағжан Жұмабаев болғандықтан, үлкен жауапкершілікті қажет етті. Костюм суретшісі болу менің «Әкемтеатрдағы» алғашқы жұмысым. Сондықтан да, қатты қобалжуда болдым, әрі тарихи костюмдерге қатысты зерттеу жүргізуіме тура келді»,-дейді ол.

«Әр костюм сурет үлгісі мен мата таңдаудан басталады, сонымен бірге қоюшы-суретшінің талабынан шығуым керек. Костюмдерді тарихи үлгілерге ұқсатып пішіп, тіктік. Әртістер осы киімдер арқылы өздерін сол дәуірдегідей сезінуіне көмектеседі, деп сенемін. Біздің жұмысымыздың қиындығы, киімді жеке актерлерге арнап тігеміз, олардың көңілдерінен шығуға тырысамыз»,-дейді театр қызметкері.

«Осы жұмыс барысында мен Мағжан Жұмабаевты тани түстім. Ақынның өлеңдерін оқыдым және жастардың көңілінен шығатын ұлы ақын екеніне көзім жетті. Осы қойылымға қатысу мен үшін үлкен мәртебе»,-дейді  Балауса Ерікқызы.

Хабарламаларға жазылу