10-13 қазан аралығында Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театры Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында өнер көрсетеді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
Төрт күн аралығында көрермендер назарына Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», Ш.Айтматовтың «Ана-Жер ана», М.Әуезовтің «Қаралы сұлу», С.Цвейгтің «Амок» новелласының жілісі бойынша және 2011 жылдың 11 наурызында Жапонияда болған цунами апатының негізінде қойылған «Зілзала», А.Камюдің «Калигула» туындылары ұсынылады.
Гастрольдік сапардың мақсаты – театрдың 12 жыл аралығындағы шығармашылық топтың жеткен жетістіктерін, нәтижелерін қойылымдар арқылы көрсету.
Сондай-ақ, М.Әуезов театрының ұжымымен тәжірибе алмасу. Қазақ және шетел жазушыларының шығармаларын көрермендерге дәріптеу, насихаттау.
Біздің анықтама:
Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры 2003 жылы 21 наурызда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен ашылған. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклімен тұңғыш шымылдығын ашқан Маңғыстау театры он жыл ішінде бес республикалық, үш халықаралық деңгейдегі фестивальге қатысты.
Республикалық фестивальдерде бас жүлде, 1-орын, «Ең үздік режиссер» номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Театр» аталымынан бас жүлдені, Египеттің Каир қаласында өткен экспериментальді театрлар фестивалінде «Үздік қойылым» аталымын жеңіп алды.
Ал, Қазан қаласында өткен түркітілдес халықтар фестивалінде «Ең таңдаулы» театр жүлдесін иемденді. Сонымен қатар, еліміздің Ақтөбе, Атырау облыстарына және Астана, Алматы, Шымкент, Өзбекстанның Ташкент қаласына гастрольдік сапарлармен барып, өскелең ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру, өнерлерін көпшілікке таныту бағытында үздіксіз жұмыстар атқарды.
Театр репертуарында 40-тан астам қойылым бар. Әлем классиктері Шекспир, Ж.Мольер, Ф.Эрвенің «Мадемуазель Нитуш», «Ромео мен Джульетта»,«Тартюф», А.Джованнини қойылымдарынан бастап, көршілес мемлекеттерден И.Разумовскаяның «Сад без земли», А.Володин - «Қос жебе», А.П.Чехов - «Скандальные история», Н.Птушкина - «Күтпеген махаббат», А.Вампилов - «Старший сын», С.Ахмад «Келіндер көтерілісі», М.Байджиев «Іздедім сені», Г.Хугаев «Көршілер», қазақ классиктері М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Кекілбаев, И.Сапарбай, Б.Беделханұлы, Т.Оразымбетов т.б. авторлардың қойылымдары сахналанды.
Жергілікті автор Сайын Назарбектің махаббат дастаны «Ақбөбек», Сайын Назарбек пен Н.Мұханов бірігіп жазған «Ант» спектаклі де көрерменнің қызыға тамашалайтын қойылымы.
Сонымен қатар, қойылымдардың сапасын арттыру, тәжірибе алмасу бағытында Қазақстанның басқа аймақтарынан маман режиссерлер шақырту үрдісі қалыптасқан.
ҚР Халық әртісі профессор Есмұхан Обаев, ҚР Халық әртісі Ғ.Есімов, режиссерлер: Әмір-Темір Хұсейін, Мұрат Ахманов, Т.Оразымбетов тәрізді театр майталмандары шақырылды.
Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында 51 әртіс, 47 шығармашылық қызметкер, 9 цех жұмыс істейді.