Көзі тірісінде аңызға айналған Ерік Құрманғалиев дүниежүзіндегі жалғыз контр-тенор дауысты опера әнші. Өткен ғасырдың ортасында әншінің Америка мен Голландияда өткізген концерттері ел жүрегінде.
Ерік Құрманғалиев Гиннестің рекордтар кітабына әйел дауысты тұңғыш ер адам ретінде енді. Оны достары «Маугли» деп атайтын. Қазақтың Мауглиі тауы жоқ, құмды далада түйе бағып өсті. Дәрігерлер отбасында дүниеге келген Ерік алғашында Алматы консерваториясының дайындық бөліміне оқуға қабылданады.
Бірақ оның дауысын қоя алатын Қазақстанда маман болмағандықтан, жас әнші Гнесиндер атындағы Мәскеу саздық педагогикалық институтына түседі. Сол кезде оны кәсіби музыка мамандары түсінбеді. Себебі, Ерік Құрманғалиевтің дауысы музыканың ешбір заңдылығына бағынбады.
Контральто немесе меццо-сопрано дауысты әйелдер де Ерікпен бәсекеге түсе алмады. Міне, осы сәттен бастап Еріктің жұлдызы жанды. Дүниежүзінің опера әншілері қазақ баласының талантына бас иді.
Биыл Ерік Құрманғалиевтің туғанына 55 жыл толмақ. Осыған орай ақын Маржан Ершудің «Ерік Құрманғалиев» атты еңбегі жарық көрді. Фотосуреттермен көркемделген кітап-альбомда әлемдік музыка тарихында аты алтын әріптермен жазылып қалған әншінің отбасы, ата-анасы, туған жері, өскен ортасы, өнердегі жеткен жетістіктері мен өмірдегі сәтсіздіктері туралы шынайы баяндалады.
Кітап-альбом турасында толығырақ «Таңшолпаннан» біле аласыздар.