Германияның Ханау қалашығындағы шаршы алаңға 64 келі салмақтағы боксшылар көтерілді. Бұл салмақта «Астана арландарының» намысын Асхат Уәлиханов қорғады. Бұған дейін үш рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіске жеткен Асхат әлемдік рейтингте 2-ші орында тұр.
Оған қарсылас атанған Артем Харутюнян Германия азаматы болғанымен, ұлты – армян. Ол клуб сапына биыл ғана қосылды. Топтық кезеңде екі рет рингке шығып, бір жекпе-жегін ғана жеңіспен аяқтаған. Әлемдік рейтингте 13-ші орында.
Бірінші және екінші раунд Артем Харутюнянның басымдығымен өтті. Үшінші раундта Асхаттың пайдасына шешілгенімен, төрешілер төртінші раундта ұпайды германиялық боксшыға берді. Шешуші раундта нәтижені өзгерте алмаған қазақстандық боксшы қарсыласына жол берді. Бұл жекпе-жектен кейін «Team Germany» командасы 2:1 есебімен алға шықты.
Айта кетейік, бұған дейін 49 келіде Теміртас Жүсіпов жеңіске жетсе, 56 келіде Мейірболат Тойытов қарсыласына ұпай санымен есе жіберіп алды. Енді ауыр салмақта Сергей Деревянченко мен Василий Левит жұдырықтасады.