Банктердің банкроттығы туралы жалған ақпарат таратқан бірнеше адам ұсталды. Бұл туралы бүгін ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлімдеді.
Реми өкілдің айтуынша, олардың арасында алматылық заң компанияларының бірінің қызметкерлері мен банк заңгері бар.
«Бас прокуратура жалған хабарламаларды таратуға кінәлі тұлғалардың барлығы қылмыстық қудаланумен қоса, материалдық және заңмен белгіленген өзге де жауапкершіліктерге тартылатындығын мәлімдейді», - деді Н.Сүйіндіков.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ресми өкіл Нұрдәулет Сүйіндіков қазақстандық банктердің банкротқа ұшырайтындығы туралы жалған ақпарат таратқан бірнеше адам анықталғанын айтқан болатын.
Айта кетейік, соңғы күндері әртүрлі коммуникация құралдары арқылы «Центр Кредит» банкі, «Каспий банкі» және «Альянс» банкінің банкрот болу мүмкіндігі туралы ақпарат таралған еді.