«Сәт» тобының мүшелері Азат Әбілда мен Сапарбай Алтыбай «Таңшолпанда» қонақта болды.
«Былтыр мамыр айынан бастап біздің топтан Тұрар бауырымыз кетті. Денсаулығына байланысты кетті ме, әлде ата-анасының ұйғарымы солай болды ма, ол жағы белгісіз. Тұрар кеткеннен кейін біздің көңілімізде өнерімізді ары қарай алып кете аламыз ба деген қорқыныш болды. Бірақ, бізге қолдау білдірген ағамыз Нұржан Қожабековтің арқасында екі айдың ішінде 17 ән жаздырып, 6 бейнебаян түсірдік»,-дейді топ мүшелері.
Ресейлік әнші Диана Гурцкая топты өзінің ән кешіне шақырған екен. Бұл турасында топ мүшелері: «Ресейдің жарық жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсету біз үшін – үлкен мәртебе. Онда біз «Есіңе ал» деген әнді шырқадық. Біздің айтқан әніміз мүмкін олардың да жүрегіне жеткен болар, себебі, бізге деген қошемет ерекше болды»,-дейді.
«Бала кезімде «МузАРТ» тобы сияқты үлкен сахнаға шығып, халықтың жүрегінен орын таба білсем деп армандайтынмын. Алға қойған мақсатқа жету үшін қандай қиын жол болса да, төзу керек. Мен осындай арманнан күш аламын»,-дейді Азат Әбілда.