Қыз Жібек рөлі үшін үш қыз бәсекеге түседі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қыз Жібек рөлі үшін үш қыз бәсекеге түседі

01.02.2014
Қыз Жібек рөлі үшін үш қыз бәсекеге түседі

Тұңғыш ұлттық «Қыз Жібек» операсы жаңа форматта ұсынылмақшы. Операны қоюға Лас-Вегаста керемет шоудан бастап әлемнің жетекші театрларында қойылымдарға дейін қоятын, барлық жанр мен бағытта жұмыс жасайтын аты әлемге әйгілі, бүгінгі күні жоғары сұранысқа ие режиссер Франко Драгоне шақыртылды.

 Мұндай жобаларға ашық кастинг жариялау қалыпты жағдай. Осылайша «Астана Опера» театры Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы басты партия -Жібекті орындайтын адамды іздеуді жалғастырады. 30-31 қаңтар аралығында өткен конкурстық іріктеудің бірінші кезеңінде Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Өскемен, Павлодар және басқа қалалардан келген 22 үміткер қатысты.

 Кандидаттарға мынандай талаптар қойылды: дауысы әуезді, келбетті, 18 бен 32 жас аралығында, міндетті түрде қазақ тілін білетін, сахнаға икемделген және актерлық тәжірибесі, сонымен қатар музыкалық білімі болуы керек. «Рольдің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, біз жас әрі талантты орындаушыны іздейміз», - дейді опералық труппаның көркемдік жетекшісі, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Гюзель Хайбулина.

 Конкурстың шешуші кезеңі аса көрнекті қоюшы режиссер Франко Драгоненің қатысуымен ағымдағы жылдың мамыр айында өтеді. «Астана Опера» театрының көркемдік кеңесі оған қатысатын үш үміткерді іріктеді, олар: Салтанат Байжұманова, Қарлығаш Ермекова, Салтанат Ахметова.

 «Астана Опера» МОБТ директоры Төлеген Мұхамеджанов конкурсқа қатысқандарға алғыс білдіріп, опералық және концерттік сахнада үлкен жетістіктерге жетулеріне тілектестік білдірді.

Хабарламаларға жазылу