«Қыз Жібек» фильмі қайтадан түсіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қыз Жібек» фильмі қайтадан түсіріледі

12.02.2024

«Қыз Жібек» фильмі қайтадан түсірілмек. Осы және өзге де тарихи туындыларды жарыққа шығару үшін Kinopark-Kinoplexx Theaters компаниялар тобы мен «Қазақфильм» киностудиясы ынтымақтастық және өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Ал «Қазақфильмнің» бұған дейін түсірген, бірақ жарыққа шықпаған фильмдері не болмақ? Әйгерім Ердәулет айтсын.

Осы уақытқа дейін өз алдына бөлек жұмыс істеп келген «Tiger Films» продюсерлік компаниясы мен «Қазақфильм» киностудиясы көременге мағынасы терең, сапасы жоғары фильмдерді түсіруге кіріспек. «Қазақфильм» түсірілім павильондары мен техникалық жабдықтарды, көркемдік материалдар және костюмдермен қамтамасыз етпек. Ал Kinopark-Kinoplexx Theaters компаниялар тобы фильмдерді өз кинотеатрларында жарнамалап, прокатқа шығаруға көмектеседі.

Азамат Сатыбалды, «Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм» АҚ президенті:

Бұл енді біздің болашақтағы жұмыстарымыздың ережесі деп білем. Өйткені біз «Қазақфильм» өзіміздің туындыларымызды көбіне көрерменге жеткізбейміз. Өйткені ондай мүмкіндік жоқ. Ал кинопаркта ондай мүмкіндік бар. Мысалы, Қазақстандағы 35% кинопаркқа және де Қазақстанда 20 кинотеатры бар. Ол біз үшін үлкен мүмкіндік, біздің киноларымыздың барлығының жарнамасын жасау, кинолардың барлығын көрерменге жеткізумен біз қазақ киноларын дәріптейміз, Қазақфильмнің киноларын дәріптейміз.

«Қазақфильм» биыл 9 кино түсіруді жоспарлап отыр. Оның 4-уі мемлекеттің қолдауымен, ал қалғаны демеушілердің көмегімен жарыққа шықпақ. Барлығы да Кинопарк желісі арқылы қалың көрерменнің назарына ұсынылады.

Алмаз Малдыбаев, Kinopark-Kinoplexx Theatres пен компаниялар тобының президенті:

Осы жылдар бойы Қазақфильм өзінше кинотеатрлар желісі өзінше жұмыс жасап келді. Ол енді жақсы эффект бермеді. Енді бірлесу ол осы заманның керек нәрсесі деп санаймын. Алда бірнеше жоба бірге түсіруге шештік. Тарихи жобаларда бар мысалға «Еңлік-Кебек», «Қыз Жібек» деген қайтадан түсіру жобасы бар.

Сондай-ақ, «Қазақфильмнің» осы уақытқа дейін түсірген, бірақ экранға шықпаған ондаған туындысы да кинотеатрлар желісі арқылы көрсетілмек.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу