Сіз хат жазасыз ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сіз хат жазасыз ба?

23.01.2014
Сіз хат жазасыз ба?
 
Осы сіз хат жазасыз ба қазір? Пошта қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі таңда хат жазып, алмасатындар – зейнеткерлер ғана. Ал жастар мұның орнына ұялы байланыс немесе ғаламтор желісін пайдаланады екен.
 
Күн санап дамитын техника хаттың орнын баса алмақ емес, әрине.  Қазір ұялы телефон мен әлеуметтік желілер арқылы туған-туыс, дос-жаранға жылдам әрі оңай хат жазуға болады.
 
Бірақ, кейде сол жылдамдық пен оңайлық жүрек сырыңды толықтай жеткізуге мүмкіндік бере бермейді.  Ары кетсе, 3-4 сөйлеммен ғана шектелесің. Жағдай сұрайсың, амандығыңды жеткізесің.
 
Ақ парақ пен қаламды қолға алып, мың ойланып, жүз толғанып, әр сөзіңді кестелеп хат жазу да - ұлы өнер. Сандық түбіндегі сарғайған хаттарды қолға алып, жастықтың жалынды күндерін сағынышпен еске алушылар көп. Сазгер Әуезхан Салабек те солардың бірі. Бүгінде 100-ге жуық туындысы бар сазгердің «Хат жазып тұр» әні көпшілікке таныс.
 
«Хат деген қазір ұмытылып кетті және бұл өкінішті нәрсе. Хатқа адам бойындағы бар қасиетін, сезімін сыйғыза алатын еді. Бұл СМС-ке сыймайды»,-дейді ол.
 
Бір-бірімен хат алмасып, сағынышын жеткізетін адамдар қоғамда жоқ емес. Бұл үрдіс әскерде де сақталған. Ата-анаға ұялы телефонмен хабарлассақ та, хат жазудың орны мүлде бөлек, дейді сарбаздар.

Хабарламаларға жазылу