Жалған вакцинация паспортын жасағандар жазасыз қалмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалған вакцинация паспортын жасағандар жазасыз қалмайды

15.07.2021

Көпшіліктің ковидке қарсы күрестегі бар үміті – ұжымдық иммунитет қалыптастырып, вакцина салдыру еді. Алайда осы үмітті күдікке айналдырып, пайда табу үшін жалған құжат рәсімдейтін көлденең көк аттылар көбейіп барады. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, тек бүгіннің өзінде вакцина паспортын заңсыз жолмен жасап сату бойынша 3 бірдей қылмыстық іс қозғалды. Тіпті, олардың кейбірі сайттар мен әлеуметтік желілерде жарнама жасау арқылы қызметтерін ашық түрде ұсына бастаған. Тілшіміз тарқатады.

Бұл – жалған жарнама жасап желіккен алматылық тұрғынның желідегі парақшасы. «30 мың теңгеге вакцина алмай-ақ паспорт жасап беремін» деген алаяқ аңқауларды ғана ауына түсіретіндей. Себебі «өз қызметіне» ешқандай кепілдік бермейді екен. «Таныс дәрігерім тек шотқа ақша аударылғанда ғана іске кіріседі» деген сылтау айтады. Ал, Ішкі істер министрлігі өкілдері жалған анықтама мен паспорт жасау былай тұрсын, дәл осылай өтірік жарнама таратып, елді алдайтын «арам пиғылдылардың» көбейіп жатқанын жеткізді.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі:
Қазіргі таңда жалған ПТР анықтамалары мен жалған паспорт жарнамалары бойынша сайт пен әлеуметтік желілерде жиі таралып жатыр. Жалпы оларды анықтау мақсатында ішкі істер министрлігінің бакылау топтары жұмыс істейді. Тек шілде айының өзінде осындай типтегі 44 жарнама аныкталған.

Ешқандай жарнамасыз-ақ, жалған паспорт іздеп жағалай келген жандарды екпе салдырды деп журналына тіркей салатындар да жазаға тартылып жатыр. Мысалы, Павлодарда жалған вакцина паспортын жасаған медицина қызметкерлері 200-ден аса екпе құжатын заңсыз әзірлеген деген күдікпен қамауға алынды. Көлденең табысқа құнығып, құрыққа ілінгендердің қатарында лауазымды қызметте отырған дәрігерлер де бар.

Жасқайрат Қайыров, ПД бастығының бірінші орынбасары:
Меңгеруші, жалпы практика дәрігері, сондай-ақ осы емхананың екі медбикесі екпе алмаған адамдарға паспорт жасап, оны вакцинациялаудың деректер базасына тіркеп отырған. Бұл қызмет үшін белгілі бір мөлшерде ақша алған. Осылайша 200-ден астам жалған вакцинация паспорттарын сатқан. вакцинацияланғандардың деректер базасында жалған тіркеуді.

Екпе алмай-ақ, паспорт жасатқан жандар да жазасыз қалмайды. Мысалы, жауапкершіліктен жалтарудың оңай жолын тапқан оралдық білім ордасының мұғалімі осы әрекеті үшін жарты миллион теңге айыппұл төлеуі мүмкін. Болмаса, 40 күнге қамалады. Енді бұл іске дәрігерлердің қатысы бар ма, жоқ па, ол жағы да анықталып жатыр.

Мөлдір Садырғалиева, ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы:
Қазіргі таңда бұл ақпарат тексерілуде. Қылмыстық кодекстің 385-бабы 3-бөліміне сәйкес тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

ІІМ-не барып, осы тақырыптар бойынша сұхбат алып тұрғанымыз сол еді, спикерімізге жалған паспорт жасау бойынша тағы 3 деректің тіркелгені мәлім болды. Осылайша, күн санап артып келе жатқан көрсеткішті көріп, бұл – қоғам болып күресетін өзекті проблема екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі:
Жыл басынан бері жалған ПТР анықтамаларын сату бойынша 31, вакцина паспорттары бойынша 17 қылмыстық іс қозғалған. Бұлардың арасында Алматы қаласында 4, Шымкентте 3, Ақмола облысында 2, қалған облыстарда бір-бір деректен тіркеліп отыр. Осы іске қатысы бар деген 10 адамның 5еуі дәрігер, қалғаны қатардағы медициналық қызметкерлер.

Осылайша, кезінде ант-су ішіп, ақ халат кигендер әп-сәтте қылмыскер атанып шыға келді. Анығы сол – жазадан ешкім қашып құтылмайды. Өзінің ғана емес, өзгенің де саулығына салғырт қарап, жалған паспорт жасатқысы келетіндер мен оларды «теңгесін төлесе болды, тіркеу кітабына түртіп отыра берем» дейтіндерді қандай жаза күтіп тұрғанын жалықпай айтуға болады.

Шұғыла Тұрлыбек, ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі:
Құқықбұзушылықтың осы түріне ҚР ҚК 385-бабы, яғни жалған құжат дайындау бойынша 4000 АЕК, яғни 11 млн 600 мың теңгеге дейін айыппұл салынады немесе осы мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады, 1000 сағатқай дейін қоғамдық жұмысқа салынады немесе 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бүкіл әлем індетпен алысып, әлек болып жатқанда әлдебіреулердің осындай ұнамсыз әрекеті ұнжырғаңды түсіреді. Десе де, ешкімнің жазасыз қалмайтыны – һақ. Құзырлы орган өкілдерінің айтпағы да, ескертетіні де – осы.

Абылай Ғаділжанұлы


Хабарламаларға жазылу