Алматыда 4 адамды кене шақты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда 4 адамды кене шақты

11.02.2019

Алматыда биыл кенелер уақытынан ерте ояна бастады. Улы жәндік жыл басынан бері 4 адамды шаққан. Дегенмен, зардап шегушілер дер кезінде дәрігерге қаралып, тиісті ем-дом қабылдаған соң, құлан таза айыққан. Алайда, ақ халаттылар тұрғындарды сақ болуға шақырды. Өйткені кененің шағуы қауіпті дерттерге ұшыратуы мүмкін.

Алматы таулы аймақ болғандықтан, күн жылыса адамдарды кене мазалайтыны жылдағы жағдай. Бірақ биыл қыс бітпей жатып, кенелер бірнеше адамды шаққан. Жыл басынан бері 4 бала ауруханаға түскен. Олардың ең кішісі 2 жаста, ал үлкені 14-тен енді ғана асқан.

Ерлан Меңдіғалиев, қалалық балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының бөлім меңгерушісі:

- Көп жағдайда кененің шағуы үйде болған. Біздің ойымызша, бұл былтыр шаруашылық заттарымен немесе үй жануарларымен бірге жылы жерге кіріп кеткен жәндіктер. Солар уақытынан бұрын оянып, азық іздеп жатыр. Сондықтан сақ болған жөн. Тағы бір маңыздысы, кененің уын ата-аналардың өзі алуына болмайды. Міндетті түрде бізге қаралғаны дұрыс.

Кене өзі кішкентай жәндік болғанымен, кеселі өте үлкен. Былтыр қалада 2400 адамды кене шақса, дәрігерге қаралмаған 5 адам кене энцифалитіне шалдыққан. «Сондықтан кене шаққан жағдайда үш күннің ішінде иммуноглобулин қабылдап үлгеру қажет», - дейді мамандар.

Биыл бірнеше жағдай тіркелсе де, дезинфекторлар зарарсыздандыру жұмысын сәуірде бастамақ. Өйткені оларға қарсы дәрі себу үшін ауа температурасы кем дегенде +5 градустан асуы тиіс. Сондықтан мамандардың сөзінше, кенеден қорғану үшін зиянкестерді үркітетін арнайы қоспаларды қолдану керек.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу