Қазақстанда бұрын-соңды болмаған операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда бұрын-соңды болмаған операция жасалды

10.01.2019

Астанадағы Президенттің іс басқармасы медициналық орталығында науқасқа бірнеше операция бір мезетте жасалынып, отандық медицина тағы бір белеске көтерілді. Мұндай ота ел көлемі түгілі, әлемде өте сирек жасалады.

Бұл - 74 жастағы Юрий Дударевтың ұзақ уақыттан кейін алғаш аяғына тұрған сәті. Соңғы жылдары өз бетімен жүріп-тұрмақ түгілі, басын көтеріп отырудың өзі мұңға айналған. Жүрегінің жұмысы әлсіреп, бір емес, бірнеше операция шұғыл қажет болған.

Операция алдында дәрігерлерге таңдау жасау керек еді. Әдеттегідей, алдымен біріншісін, кейін екінші операцияны жасау немесе тәуекелге бел буып, бұрын-соңды болмаған гибридті операцияға кірісу. Алғашқы нұсқаны науқастың жағдайы көтермейтін еді. Өйткені, өте ауыр жағдайда жатқан қарияның екі бірдей отаға денсаулығы шыдас беруі екіталай. Осылайша, президенттік аурухана мамандары Қазақстанда тұңғыш, әлемде 8-інші операцияны жасауға кірісті.

Хирургтар жүректегі қолқа қақпағын ауыстырды және маммонакаронарлық шунттау операциясын да қатар жүргізді. Әрі бұрынғыдай үлкен кесік емес, кішкене тілік немесе тесу арқылы ғана тамырлар арасымен қажет органға қол жеткізді. Ота сәтті аяқталды, науқас ертең үйіне жіберіледі.

Юрий Дударев, Өскемен қаласының тұрғыны:

- Операциядан кейін бұлай тез сауығып кетемін деп ойлаған да жоқпын. Қазіргі жағдайым өте жақсы.

Елена Дударева, Юрий Дударевтың жұбайы:

- Біздің дәрігерлер ерлік жасады. Үзілгелі тұрған үмітімізді жалғап, өмірін аман алып қалды. Дұрыс демала алмай, тұншыға беретін еді, түнімен кірпік ілмей шығатынбыз. Қазір ұйқысы тыныш. Денсаулығы жақсарып келеді.

Мұндай гибрдитік операцияға мұқтаж науқастар елімізде көп. Мамандар «енді еш қорықпай күрделі операцияны жасай береміз», дейді.

Рустам Рахимов, кардиохирург:

- Мұндай пациенттер елде көп болады. Өйткені, егде жастағы адамдардың біразына бірнеше операция қажет болып жатады. Біз уақыт жоғалтпай, науқастарды күттірмей екі-үш операцияны бір уақытта жасаудың жолын таптық.

Осыған дейін мұндай операция әлемде 7-ақ рет жүргізіліді. 8-іншісі біздің елімізде жасалынып отыр. Отандық медицинаның жеткен тағы бір биік шыңы – осы.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу