Елімізде шала туған балалардың саны жыл сайын артып барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде шала туған балалардың саны жыл сайын артып барады

16.11.2018

Жылына 3500-4000-дай нәресте уақытынан бұрын дүниеге келеді. Қазір Астанада ғана емес, аймақтардың өзінде перзентхана ішінен салмағы 500 - 700 граммм сәбилерді күтетін бөлімшелер ашылды. Соның арқасында ол балалардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігіне ие болдық. Дегенмен, дәрігерлер мерзімінен бұрын туған балалардың болашақта мүгедек болып қалу қаупі барын да жасырмайды. Сол себепті, мамандар айы-күні жетпей туылған балғындар үшін арнайы шаралар әзірлепті.

Жүктілігінің соңғы айларында қан қысымы тұрақталмаған Алина уақытынан бұрын босанды. Екі апта бұрын 1 келі болып туған Темірлан қазір біраз салмақ қосты. Дегенмен, үйге шығуға әлі ерте.

Алина Огай, Көкшетау қаласының тұрғыны:

- Құдайға шүкір, бәрі жақсы. Баланы 32 аптасында операция жасап алды. 1 килограмм еді, қазір 300 грамм қостық. Үйге шығу үшін 2 келі болуымыз керек. Әлі бір айдай жатамыз.

Астанадағы «Ана мен бала» орталығында қазір шала туған 30 нәресте бар. Айы-күні жетпей туғаннан кейін мұндай балалар ағзасының кейбір мүшелері кеш дамиды. Сол себепті, олар дәрігерлердің жіті бақылауында болады. 

Нұргүл Өтеген, медбике:

- Ең аз салмақтағы бала 850 грамм. Ол қызымыздың талпынысы өте жоғары, ширақ. Баланың жағдайына байланысты туғаннан кейін 5-6 айға дейін жатқандар болды.

Шала туған нәрестелердің саны жыл сайын артып келеді. Өткен жылы елімізде 3818 бала шала туса, биыл 9 айдың өзінде 3120 нәресте мерзімінен бұрын өмірге келген.

Сәуле Алдамұратқызы, тілші:

- Айша 850 грамм, Рахима 987 грамм. Бұл сәбилердің салмағы 2 келіге жеткенше осы жерде жатады. Тек содан кейін ғана үйге шығарылады. Ал, осыдан 10 жыл бұрын мұндай сәбилерді аман алып қалу мүмкін болмаған еді.

Себебі, бұрындары 500 грамм болып туған шарана есепке алынбаған. Тек 28 апталық салмағы 1 келі сәбидің өмірін сақтап қалу шаралары қолданылған. 2008 жылдан бастап 22 апталық 500 грамм салмақтағы нәрестелерді адам қатарына қосу қолға алынды. Алаңдаушылық та жоқ емес. Мамандар ағзасы толық дамымаған балалардың көбі кейін мүгедек болып қалу қаупі барын айтады. Алайда, мемлекет ол проблемадан да айналып өтудің жолдарын қарастырып жатыр. 

Тамара Шуақова, Қазақстанның Бас неонотологы:

- Біздің орталықтан арнайы кабинет ашылады. Оған осы жерде шала туған балалармен қатар, аймақтардан да келе алады. Әр ай сайын біз оларды мамандарға тексертеміз. Егер денсаулығынан кінәрат тапсақ, ертерек емдейміз. Бұл олардың кейін мүгедек болып қалмауына септігін тигізеді.

Әзірге бұл тегін акция жылына бір рет, дәл осы күні ұйымдастырылады. Орталықта дүниеге келген балғындар бірнеше маманның тексерісінен өтеді.

Шынар Байкенжина, қала тұрғыны:

- Осы жерде босандым. Бала 1 келі болып туылды. Қазір 6 келі болды.

Мамандарды тұрғындардың, әсіресе, қыз-келіншектердің өз денсаулықтарына жауапсыз қарайтындықтары алаңдатады. Себебі, сәбидің шала болып тууына әсер ететін басты себептердің бірі сол селсоқтық екен.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу