Ойынқұмарлар саны жыл сайын артып келеді

03.04.2018

Бүгін футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалы басталады. Миллиондаған футбол жанкүйерлері, әсіресе, италиялық «Ювентус» пен испандық «Реал Мадрид» матчын тағатсыздана күтіп отыр. Өйткені, қос команда былтыр ақтық сында кездесіп, мадридтіктер Кубокты иеленген еді. Сарапшылар бұл ойынның да тартысты болатынын айтып, түрлі болжамдар жасауда. Ал, букмекерлер болса, жанкүйерлерді қомақты ұтыспен қызықтырып отыр. Жалпы, елімізде бизнестің бұл түрі қарқынды дамып келеді. Халқымыздың шамамен 5 пайызы букмекерлік кеңселердің тұрақты қонағы екен. Олардың ішінде құмарлықтың құрбаны болып, өмірін құрдымға құлдилатып жатқандар аз емес.

Олжастың спорттық ойындарға ақша қойып жүргеніне он жылдан асты. Бет-бейнесін көрсетуге дәті бармайды. Өйткені, ол «бәс тігемін» деп басы бәлеге қалды. Оңай олжа Олжасты орға жықты.

Олжас, ойынқұмар:

- Басында бір ойнадым, екі ойнадым. Алғашқы кезде ұтып жүрдім. Кейін қоятын ақшаларымды көбейттім. Бес мың қойдым, он мың қойдым. Сөйтіп, қарызға баттым. Әйеліммен жиған ақшаларымыз да кетіп қалды. Бүкіл ақшамнан айырылдым. Әйелім баламды алып кетіп қалды. Мен оның бәрін түсінемін. Не істеймін енді?! Жұмыстан да айрылып қалдым.

Осындай ойынқұмарлар саны жыл сайын көбеюде. Ал, алғашқы букмекерлік кеңсе елімізде 1990 жылдары пайда болған. Жүгенсіз кеткен бұл нарық ширек ғасырда аяғына нық тұрып алды. Қазір елімізде 100-ден астам кеңсеге лицензия берілген. Ірілерінің әрқайсысы әр қалада ондаған бөлімшеден ашып қойған. Шектеу жоқ. Білім ордалары, тұрғын үйлердің бірінші қабаты, тіпті, мешіт жанында. Нәпсісінің құлы болғандарды букмекерлер баурап алады. Бұл аздай, олар интернетті де жаулап алды. Ойынқұмарлар үйден шықпай-ақ теңгесін тігіп жатады.

Александра Куламина, букмекерлік кеңсенің әкімшісі:

- Әр бөлімшемізде тұрақты 2-3 клиентіміз бар. Олар күнде ұсақ-түйек ойындарға да қойып жүреді. Бізде ең кемі 200 теңге қоюға болады. Миллиондап қоятындар да бар. Әсіресе, Головкиннің жекпе-жегі, футболдан Әлем чемпионаты кезінде адамдар естерінен айрылғандай болады.

Ең ойынқұмар елдер рейтингіне келетін болсақ, бәс тігу бойынша Азия көш бастап тұр. Әлемдік нарықтың 55 пайызы осы елдерге тиесілі. Еуропа екінші орында. Үштікті Солтүстік Америка түйіндейді. Батыс елдері букмекерлік бизнесті жүгендеуге тырысып жүр. Мәселен, Грекия 30 мың доллардан айырылған азаматтың одан әрі ақша қоюын заңмен шектейді. Ал, Беларусь елі, тіптен, букмекерлік кеңселердің қызметіне тыйым салған. Біздің елде де бұл мәселе жиі көтеріледі. Бірі букмекерлік бизнесті құмар ойындар қатарына жатқызуды ұсынса, енді бірі қайта олардан пайда көргенді жөн санайды.

Нұртай Сәбильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы, осы қолданыстағы заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізу керек. Өйткені, қазіргі кезде ойынханалар екі жерде, Ақмола облысы мен Қапшағайда. Сондықтан, олар қызметін осы жерлерде ғана жасауы керек.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Өткен жылы біз лотерея туралы заңды қабылдадық. Соның арқасында қазір лотереядан түскен қаржының 15 пайызы спортқа бөлініп жатыр.

Министрдің айтуынша, мұндай өзгеріс көп ұзамай енгізілуі тиіс. Ал, букмекерлiк кеңселердiң табысын есептесек, жылдық ақша айналымы 50 миллиард теңге шамасында екен. Бүгін де олардың қалтасы қалыңдай түсетіні анық. Өйткені, олар ешқашан ұтылмайды.

Ермұхамед Мәулен, спорт шолушысы:

- Мысалға, бір ойынға қойылған бәстердің саны мың болуы мүмкін. Соның 990 адамы бір команда жеңеді деп қойып, барлығы жеңіске жетуі мүмкін. Олар шамамен 1 млн. доллар ақша ұтты. Букмекерлік кеңсе олардың ақшаларын берген кезде 1 млн. доллар кету керек. Бірақ, сол қалған он адам керісінше басқа командаға қойып, шамамен олар 1,5 млн. доллар ақша қойып жіберуі мүмкін.

Яғни, қалай болғанда, ұтылатын бәс тігуші. Ал, психологтар бұл құмарлықтың маскүнемдік пен нашақорлықтан да ауыр әуестік екенін айтады. Өйткені, адам өз санасын өзі улап тастайды. Ол ұтылып қалған ақшасын қайтсе де қайтарып алуды ойлап жүріп, құрдымға кеткенін байқамай қалады. Ал, құмарлықпен күресті рингтегі жекпе-жекпен салыстырып көрсек, алғашқы, әрі ауыр соққыны адам өз санасына жасауы тиіс. Алдымен әуестіктің бар екенін мойындау керек. Келесі кезеңдерде де ерік-жігерін еркін жібермей, қарсыласын, яғни, құмарлықты тыйып отыру керек. Ол үшін психологтар спортпен шұғылдануға, не басқа да бір ермек табуға кеңес береді. 

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу