Қазақстандағы дәрі бағасы көршілес Ресейден 2 есеге қымбат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы дәрі бағасы көршілес Ресейден 2 есеге қымбат

14.05.2017

Қазақстандағы дәрі бағасы көршілес Ресейден 2 есеге қымбат екен. Мұндай мәліметті Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев келтірді. Ол осыдан біраз уақыт бұрын зейнеткер болып киініп, дәріханаларды аралаған еді. Бағаның бассыз кеткенін көрген әкімнің тіпті жүрегі ауырды. Ашынған Бердібек Сапарбаев дәріханалардың қожайындарын жазалауды ұсынған болатын.

Соңғы 10 жылда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі төрт есе өсті. Отандық фармацевтика нарығы 458 млрд теңгеден асса, соның 277 млрд теңгесі халықтың қаржысы. Қазақстанда дәрінің 70 пайызға жуығы шеттен келеді. Отандық препараттардың үлесін 2014 жылы 50 пайызға жеткізу жоспарланған еді. Алайда, ол тек сөз жүзінде қалды.

Қазақстан аумағында фармацевтикалық зауыт салуға құлшыныс танытып отырған шетелдік компаниялар бар. Олар еліміздегі бірқатар зауытты қайта жаңғыртып, Қазақстанның маркасын пайдаланып, өз дәрілерін сатуға ниетті. Өсімдік шикізаты негізінде өндірілетін дәрі-дәрмектердің өндірісін дамыту отандық фармацевтика саласын жандандырар еді.

1 ғасырдан астам тарихы бар Шымкент химия фармацевтикалық зауыты ұзақ уақыт бойы тек өсімдік шикізатынан дәрі-дәрмек өндірді. Алайда, қазір дженериктік препараттар шығарады. Қызылордада мия шиелі, Орал қаласында лакрица қызыл мия тамырын қайта өңдеу зауыттары жұмысы тоқтап тұр. Қазақтың жерінде емдік қасиеті бар 100-ден астам дәрілік шөп өседі. Дертке шипа 72 дәрі түрін жасап шығаруға болады. Соның бірі Қарағандыдағы зауытта жусаннан жасалатын арглабин.

Дәрі қарапайым халыққа жеткенше 45 есе қымбаттайды. Тіпті орайы келгенде орып қалайын деген алыпсатарлар екі-үш есе пайда табуға тырысады. Мысалы, уәкілетті орган биыл димедролды сатып алу бағасын 6 теңге 99 тиын деп белгіледі. Ал бөлшек саудада бір ампуласы 22 теңге, яғни 3 есе қымбат. Осы саладағы тағы бір мәселе - тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу