Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансерде жыл санап обыр дертімен күресу деңгейі артып келеді. Онда 2012-2016 жылдар аралығына Үкімет бекіткен салалық бағдарлама сәтті орындалуда. Диспансер шетелдік мамандармен тығыз байланыста. Бүгінде орталықта корейлік, даниялық мамандармен МАГАТЭ сарапшылары бірлескен жұмыстар жүргізіп жатыр.
Обыр дертіне шалдыққан науқастың қалқанша безіне корейлік профессордың күрделі ота жасап жатқан сәті. Мамандардың пікірінше, шетелдік онкологтардың емдік тәсілдері науқастың сауығуына көп септігін тигізеді. Мұндай оталарды жасау отандық мамандардың да қолынан келеді. Дегенмен жиі-жиі тәжірибе алмасу емдеу әдістерін жетілдіре түсуге мүмкіндік береді.
Чанг Ханг Сек, профессор (Корея):
Емді сапалы ету үшін біз екі ел дәрігерлерінің арасындағы әріптестікті үнемі жандандырып отырамыз. Алда қазақстандық мамандар Кореяға шақырылады. Халықарылық деңгейдегі емдеу тәсілдерімен бөлісеміз. Сіздерде де обыр дертімен күрес сапасы жоғары. Тәжірибелі, білікті мамандар да жеткілікті.
Ал, мынау бұрын-соңды бізде қолданылмаған диагностикалық қондырғы. Бұл зертхана 90 миллион теңге тұрады. Әлемдегі ең озық үлгідегі құрылғымен жұмыс жасауды жергілікті онкологтарға Даниядан келген мамандар үйретіп жатыр. Жаңа құрал обыр дерті бар науқастарға дәл диагноз қоюға көмектеседі.
Салтанат Болсынбекова, Семей өңірлік онкологиялық диспансерінің патоморфологиялық бөлім меңгерушісі:
Біздің мақсатымыз – әлемдік стандарттаға сәйкес жұмыс істеу. Емдеу сапасын жоғарғы деңгейге жеткізу. Мына қондырғы ең озық үлгіде. Семейден бөлек еліміздің тағы төрт өңіріндегі онкологиялық диспансерге орнатылатын болады.
Еліміз бойынша онкологиялық дертке кешенді түрде ем жүргізетін жоғары дәрежелі 5 орталық құру жоспарланған. Соның алғашқысы Семейде биыл ашылатын Ядролық медицина орталығы. Қазір онда жұмыс істейтін жергілікті мамандарға МАГАТЭ сарапшылары тренингтер өткізіп, жаңа орталықты іске қосу бойынша кеңестер беріп жатыр.
Ержан ЖАҚЫП