Медициналық мекеме саны 3 есеге артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медициналық мекеме саны 3 есеге артты

03.07.2014
Медициналық мекеме саны 3 есеге артты

Осы жылдың аяғына дейін Астана қаласынан 3 емхана ашылмақ. Осыдан 16 жыл бұрын Астанада 10 ғана медициниалық мекеме болған. Ол сол кезде-ақ қалада тұратын 200 мыңнан астам тұрғынға аздық еткен. Ал қазір емхана ауруханалар саны 50-ге жуықтайды. Бірақ түйіні тарқатылмаған түйткілдер әлі де бар.

Астана қаласындағы мына №1 емхана - Ақмола кезінен келе жатқан медициналық мекемелердің бірі. Қала тұрғыны Жеңіс Әлжаханов содан бері осы жерге қаралады.  Көне ғимарат сырланып, іші жаңа техникамен жабдықталғанмен, сырт келбеті сол қалпы. Тек емделушілердің мәдениетінің өзгергені болмаса. 

Жеңіс Әлжаханов, қала тұрғыны:

Ол кезде де кезек деген болды. Бірақ біз уақытында келеміз, кезегімізде тұрамыз. Ешқандай жанжал, у-шу жоқ. Кейде үлкен адамдарды өткізіп жіберетін де кездеріміз болды. Сол кезекті қазірде де көріп жатырмыз. Қазір жастардың да жүйкесі жұқарған-ау деймін.  Кезекте айғай да шығып жатады.  У-шу да болып жатады. 

Кезектің көп болатыны Астанадағы медициналық  мекемелер 300 мың тұрғынға шақталған. Ал бас қалада қазір 1 миллионға жуық адам тұрады. Осыдан 16 жыл бұрын Ақмолада 10 медициналық мекеме болған.

Сәбит Әбдірайымов, «Астана қаласының денсаулық сақтау» ММ басшысының орынбасары:

Қазір оның саны - 34. Сол жылдан бері бала туу көрсеткіші 5 есеге артты. 1998 жылы 4 мыңнан астам сәби өмірге келсе, өткен жылы 22600 нәресте дүние есігін ашты. Қаржыландырудың қарқыны тіптен ерекше. 1998 жылдары Астананың медицина саласына 400 миллион теңге  бөлінген болса,  қазір ол 30 миллиард теңгеге жуықтайды.

Сәбит Әбдірайымов, «Астана қаласының денсаулық сақтау» ММ басшысының орынбасары:

Осыдан 16 жыл бұрын бір жылда 11 072 ота жасалса, 2012 жылы 83 132 операция жасалды. 1998 жылдары күніне 240- 250 шақырылым болып, оған 17-18 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсеткен. Қазір күніне 1200-1500 шақырылым болып, оған 77-80 бригада қызмет көрсетеді.

Бас қаланың медицинасының жаңаруы мына республикалық ғылыми орталықпен байланысты. Бұл мекеме тәуелсіздік алғаннан кейінгі бой көтерген ең бірінші аурухана. 13 жыл ішінде бұл жерде 80 мыңнан астам операция жасалды.       

Абай Байкенжин, «Ұлттық медициналық ғылыми орталық» АҚ бас директоры:

1997 жылы осы аурухана салына басталды. Ол кезде мына жер мидай дала еді.  Ағаштар болмайтын, ескі ипподром болған. 2001 жылы салынып бітті.

Осы орталықтан кейін Астанада Ұлттық медициналық холдингке кіретін 10 клиника пайдалануға берілді. Олардың әрқайсысының  жеткен жетістігіне ТМД-да тең келер аурухана жоқ. Бір ғана балаларды оңалту орталығының арқасында осы кезге дейін 4 мыңға жуық бала өз қатарына қосылыпты.

Шолпан Бөлекбаева, «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

16 жыл бұрын мына орталық болмаған кезде де  мен Алматыдағы «Балбұлақты» 12 жыл басқардым. Ондағы 75 орын 45 балаға арналатын, ал қалғаны оның ата-анасына. Жылына 400 баланы қабылдайтынбыз. Тізім де үлкен болатын. Адамдар қайда баратынын білмейтін де. Қиын болды. Олар тек үйлерінде, ауруханада болды. Ол кезде шетелді араламайтын.  Мына орталық ашылғалы 400-ден 4200-ге көбейді. 

Бұл еліміздің медицина саласы жетістігінің соңы емес. Қазір Астанадағы ұлттық клиникалар халықаралық «Алтын стандарт» сертификатын алып жатыр. Бұл – қазақ медицинасының  әлемде мойындалғанының дәлелі. 

 

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу