Елордада екпе егу пунктерінің саны 3 есеге артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада екпе егу пунктерінің саны 3 есеге артты

12.04.2021

Елодада халықты жаппай вакцинациялау қарқын алды. Емханалардан бөлек, ірі сауда орталықтарда да екпе егу пунктері ашылды. Бүгінде қала халқының 30 мыңнан астамы вакцина салдырған. Елге екпе салу басталды дегенді ести сала, емханаға өз еркімен келгеннің бірі - Еңбек мырза.
Еңбек Қожағаппаров, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Өз еркіммен келдім, денсаулық керек, жас емеспіз. Мынадай ауруды осылай көпшілікпен жеңбесек, қалай жеңеміз?
Емханалардағы екпе егу кабинеттері таңғы 8-ден түнгі 12-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді. Тіпті демалыс күндері де ашық. Дәрігерлердің айтуынша, күніне жүздеген адам екпе салдырып жатыр.
Мұратбек Жұмаділов, №6 қалалық емхананың бөлім меңгерушісі:
Қазақстан азаматы болса, осында жұмыс істейтін шетел азаматы болса біз оларға екпе саламыз. Тұрақты мекен-жай міндетті емес.
Қала әкімінің тапсырмасымен бас шаһардағы вакцина салу пунктерінің саны 3 есеге артты. Мәселен, Mega Silk Way сауда орталығында екпе егу пунктері жұмысын бастады. Алғашқы күн болса да кезекте тұрған адам қарасы көп.
Айдар Бекназаров, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
20 минут бұрын вакцина алдым. Өзімді өте жақсы сезініп отырмын. Әлеуметтік желілерден сауда үйлерінде вакцинация басталғанын естіп, ойланбастан келдім.
Жақын күндері Хан-Шатыр сауда орталығынан арнайы пункт ашылады. Қажеттілік туындаса өзге де ірі орталықтар мен қонақ үйлердің базасында ұйымдастырылады. Кезек күтпей, алдын ала жазылу үшін egov мобильді қосымшасы арқылы өтініш беруге немесе 109 нөміріне хабарласуға болады. Сәуір айының соңына дейін қалаға 250 мың доза вакцина жеткізіледі. Сондықтан екпе тапшылығы болмайды дейді жауапты мамандар.
Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу