Педагогикалық университетте заманауи студенттер үйі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Педагогикалық университетте заманауи студенттер үйі ашылды

17.04.2019

Оңтүстік Қазақсан мемлекеттік педагогикалық университеті жанынан заманауи студенттер үйі ашылды. Соның арқасында оқу ордасының 350 шәкірті жайлы қонысқа жайғасты.  Жалпы, Шымкент қаласында бүгінгі таңда 48 оқу орнында 123 мыңнан астам студент білім алады. Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына сай шаһар билігі мен оқу орындарының басшылары 2021 жылға дейін  олардың барлығын жатақханамен қамтамасыз етуді  көздеп отыр.

Жатақхана ғимараты жекеменшік әріптестік аясында салынды. Оған 1 миллард теңгеден  астам қаржы жұмсалды. Студенттер үйінде жастардың  тынығып демалуына барлық жағдай жасалған. Тұрмысқа қажеттінің бәрі бар. Онан бөлек түрлі үйірмелер де жұмыс істейді.

Балжан Анас, студент:

Жатақхананың ашылып жатқаны  біз үшін қуанышты жағдай. Бұл жерде қосымша кітапхана да бар. Сабақтан бос кезде осында кітап оқуға мүмкіндігіміз бар.

Жатақхананың әр қабатында ғаламтор желісіне жалғанған  «Универ» бағдарламасы орнатылған. Жастар оның көмегімен университетте нендей мәдени спорттық шаралар өткізіледі, сабақ кестесі мен үйірмелер туралы мағлұмат алады. Сондай-ақ, әр студент өзінің сабақ үлгерімін де осы жерден біліп отырады.

Айғаным Амангелдіқызы, студент:

Бұл жерде тек білімді дамытып қоймай, сонымен қатар түрлі үйірмелерге қатысып, өзін дамыту қарастырылған. Соның қатарына кітапхананы жатқызуға болады. Футбол алаңдары, интернет желісі бар.

Білім ордасында қазір 6 мың студент оқиды. Олар 44 мамандық бойынша ұстаздықтың қыр сырын меңгеруде. Студенттердің жартысынан көбі Қытай, Монғолия, Өзбекстан мен Түркіменстан  елінің жастары. Университет ел студенттерін толығымен жатақханамен қамтамасыз еткен. Ендігі мақсат шетелдік жастардың жағдайын жасау.

Оңалбай Аяшев, ОҚМПУ ректоры:

«Нұрсатта» 200 орындық жатақхана салып жатырмыз. Ол енді керемет. 4 жұлдызды қонақ үй деңгейінде. Соны тапсырамыз. Құрылысы аяқталып жатыр. Ал енді жыл соңына дейін 2 мың 600 студент жатақханамен қамтамасыз етіледі.

Алдағы 2 жылда Шымкенттегі барлық оқу орындарының студенттері жатақханадан жайлы орын алмақ. Ол үшін 8 гектар жер телімі бөлініп, әлеуметтік кәсіпкерлік  корпорациясының инвестициясына 5  мың орынға лайықталған  жатақхана  салынады. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы және жеке кәсіпкерлер есебінен тағы 1 мың жасқа арналып, студенттер үйі салынады. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу