Ауыл мектептерінде «IQanat» олимпиадасының іріктеу кезеңі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл мектептерінде «IQanat» олимпиадасының іріктеу кезеңі басталды

14.12.2018

Бірегей білім сайысы былтыр пилоттық жоба ретінде алғаш рет Шығыс Қазақстан облысында ұйымдастырылған болатын. Ауылдағы қабілетті балаларды қолдап, олардың отандық және шетелдік университеттерде білім алуына мүмкіндік беретін олимпиада енді Қазақстанның барлық өңірінде өтеді. Биыл еліміз бойынша алғырлар аламанына қатысуға 9-сыныптың 40 мың оқушысы өтініш берген.

«IQanat» олимпиадасы қанатын кең жайып келеді. Мұны оқушылар санынан-ақ аңғаруға болады. Биыл Шығыс Қазақстан бойынша 3 мыңнан астам бала білім додасына қатысуға ниет білдіріп отыр.

Мәрмәр Нұрлан, 9-сынып оқушысы:

- Республикалық деңгейге шығып, Назарбаев университетіне түсемін деген мақсат қойдым. Енді осы мақсатыма жетуге тырысамын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін.

Бірегей білім беру бағдарламасы еліміздегі ірі кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асып отыр. Олимпиада 4 бағытта өтеді. Ауыл балалары математика, физика, ағылшын тілі және «Эрудит» эссе жазу конкурстарында бақ сынайды. Топ жарғандарды жоғары оқу орнына грант күтіп тұр.

Зура Сапарғалиева, математика пәнінің мұғалімі:

- Бұл - ауыл жастарына берілген теңдессіз мүмкіндік. Нағыз таланттың, болашақта ел тізгінін ұстар мамандардың ауыл балалары арасынын шығатыны сөзсіз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «заманауи әлемде мемлекеттің қуаты азаматтардың білімділігімен өлшенеді», деген болатын.

Жеңіске жету үшін олимпиаданың 3 кезеңінде де жоғары балл жинау керек.

Әлия Мустафина, «IQanat» жобасының аймақтарда олимпиада өткізу бойынша жетекшісі:

- Бірінші іріктеу кезеңі желтоқсан айында өткізіледі. Ал, екінші кезеңде іріктелген балалар олимпиадаға мамыр айында қатыса алады.

Білім додасының финалы Астанада өтеді. Оған бас-аяғы 800 оқушы қатысады. Оқ бойы озық шыққандар 10-11 сыныпта арнайы бағдарлама бойынша оқып, жоғарғы білімді тегін алу мүмкіндігіне ие болады.

Берік КӨШЕРБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу