Халықаралық «Mostratec» білім көрмесінің аясында ұйымдастырылған ғылыми жұмыстар олимпиадасында 40 мемлекеттен барлығы 1 мыңнан астам оқушы бақ сынады. Өскемендегі «Нұр Орда» мектеп-лицейінің 5 оқушысы физика, математика және лингвистика пәні бойынша жоба қорғап, жеңімпаз атанды. Нақты айтқанда, елге 5 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен оралды.
Білім додасының көздегені – оқушылардың жаратылыстану іліміне ынтасын күшейту, халықаралық серіктестікті нығайту. Оқушыларды бүгін Өскемен әуежайынан мектептегі ұстаздар, ата-аналар сән-салтанатпен күтіп алды. Жалпы, Қазақстаннан Бразилияға барлығы 39 оқушы барған. Ең көп медальді өскемендік өрендер ұтып алды.
Анель Руслан, «Нұр Орда» мектеп лицейінің 11-сынып оқушысы:
- Мен ағылшын тілінен қатыстым және алтын медаль иегері болдым. «Mostratec» өте қызықты олимпиада екен. Біз үш күн сол жерде тұрып, барлық адамдарға өзіміздің қорғаған жобаларымызды түсіндірдік.
Ділназ Исламбекова, «Нұр Орда» мектеп лицейінің 11-сынып оқушысы:
- Біз Малика екеуіміз «Mostratec» олимпиадасында физика пәнінен жоба қорғадық. Сарқылмайтын энергия көздеріне арналған жобамыз үздік болып танылды. Көптеген компаниялар өздерінің қызығушылықтарын білдіріп, энергетика саласында бірлесіп жүмыс істеу туралы ұсыныстарын білдірді.
Берік КӨШЕРБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.