Келесі жылдан бастап мемлекеттік грантпен оқыған медицина университеттерінің түлектері 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келесі жылдан бастап мемлекеттік грантпен оқыған медицина университеттерінің түлектері 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі

28.09.2018

Министрлік қай ауылға бар десе сол елді мекенге барып жұмыс істейсіз. Келесі жылдан бастап мемлекеттік грантпен оқыған медицина университеттерінің түлектері 3 жыл жұмыс істеуге заңмен міндеттеледі. Бұл заң нормасы 2012 жылы қабылданған. Яғни, бұл заң талабын орындайтын түлектер келесі жылы университет бітіреді. Бұл жауапкершіліктен қашқандарға құқықтық жауапкершілік бар.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрігер тапшылығын азайтудың бір жолы осы деп отыр. Биыл 5000 медицина маманы оқу бітірген, алайда, 3000 дәрігер тапшы. Яғни, дипломы бар дәрігерлер бар. Бірақ, маман жоқ. Дәрігерлер әсіресе, солтүстік, Қостанай, Ақмола облысының ауылдарында жетіспейді. Мәселені шешу үшін министрлік мамандарды міндеттемек. Нақты ауыл мен нақты медицина мекемесіне жолдама беріледі. Ол үшін республикалық комиссия құрылады. 

Айгүл Қаптағаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры:

- Бұдан бас таратуға болмайды. Егер бас тартса, қаржы орталығы деген ресми агент бар. Олар кім және қандай себептермен жолдама арқылы бармағанын зерттейді. Егер түлектердің кешірімді себептер болмаса, олар оқудың ақшасын мемлекетке қайтаруы керек.

Мамандарға жолдама берерде туған жері мен отбасылық жағдайы ескеріледі. Кешірімді себеп деп отырғаны магистратура мен докторантура немесе «Болашақ» арқылы білім жалғастыратындар және бала күтіміне байланысты босатылатындар. Министрлік мамандарды қанша міндеттегенімен әкімдер оларға жағдай жасамаса, тағы болмайды.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Расында да маңызды мәселе көтеріп отырсыз. Жергілікті деңгейде ешқандай қолдау болмаса, қиын болады. Студенттердің 95 пайызы жұмысқа орналасады. Бірақ, бір жылдың ішінде тек қана 67 пайызы ғана жұмыс істеуге қалады. Әкімшілк қолдау қажет. Қазір тек 40 пайыз жас дәрігерлер қолдау алып жатыр. Келесі жылдың аяғына дейін біз оны 60 пайызға көтеруіміз керек.

Қалай десек те, дәрігер тапшылығының басты себебі жалақының төмендігі болып қала бермек. Оны шешу үшін министрлік әкімшілік шығындарды барынша қысқартып, үнемделген ақшаны  дәрігерлердің жалақысына қосады.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу